Баскетбол — ептілікті қажет ететін қызу тартысты спорттық ойын. Ойынның мақсаты -допты қарсыласының сақинасына түсіріп, ұпай жинау. Осындай спортты 9 жасынан бастап жанына серік еткен Арыс қаласы №1Е.Молдабаев атындағы мектеп- интернатының 10 сынып оқушысы Наргиз Мұратханқызы әр жеңісімен жігерленіп, жеңілісінен де шабыт алатын спортшы.
Бүгінде ол баскетболдан Түркістан облысының 2008 жылы туылған қыздар арасындағы құрама командасының намысын қорғап жүрген белді ойыншы. Жас болса да баскетболдан өзіне ғана тән әдіс-тәсілдері өзіндік бір мәртебе.
Алғаш спортқа деген қызығушылығы оны 9 жасында өнердің осы түріне алып келді. Баскетбол ойнайтын алғашқы жеңісін ол әлі есінен шығарған емес. Ең алғаш рет өз бабы мен бағын сынаған 2017 жылы 2007-2008 жылы туылған қыздар арасындағы Оңтүстік Қазақстан облысының чемпионатында І орын, дәл сол жарыста «үздік ойыншы» атағын жеңіп алады.
2022 жылы, 2007-2008 жылы туылған қыздар арасында баскетболдан Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында І орын, 2023 жылы, 2007-2008 жылы туылған қыздар арасында баскетболдан Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен Қазақстан Республикасының көктемгі чемпионатында күміс жүлдегер атанады. Спортшы болу үшін ең бірінші алдыңа қойған мақсатыңа жетуге ынта-жігер керек. Сонымен бірге қыз баласы болса да намыс және отансүйгіштік қасиеттерін қоса алғанда Наргиз Мұратханқызы оқу мен спортты қатар алып жүрген жас спортшы. Қолы қалт еткенде баскетбол ойнағанды жақсы көреді.
Өмірде асқар тау – әкесіне еліктеп, оның жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өскен Наргиз болашақта да осы бағытынан таймады. Әкесі Турсынбаев Муратхан Арыс қаласындағы №2 БЖСМ де «Баскетболдан» жаттықтырушы қызметін атқарады. Спорттағы алғашқы қадамын шыңдаған әкесі болса, қазіргі жаттықтырушысы – Мұрат Бекзат.
Жуырда Наргиз Мұратханқызы 2007-2008 жылы туылған қыздар арасында баскетболдан Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасының күзгі чемпионатында күміс жүлдегер атанады.
Әлем чемпионы болуды армандамайтын спортшы кемде-кем шығар, сірә!
Наргиз Мұратханқызы да сондай биіктен көрініп, елінің көк байрағын көкте желбіретсем дейді. Жас спортшы үлкен жетістіктердің елеулі еңбек пен төгілген тердің арқасында келетінін жақсы біледі. Молдабаев мектебінің, қала берді Түркістан облысының намысын қорғап жүрген спортшының алар асуы әлі алда деп білеміз.