Жастардың танымдық қабілетін арттырып, білім деңгейлерін көтеру мақсатында Сауран аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Білім бәйге» сайысы өтті. Интеллектуалды сайыстың салтанатты аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысты.
— Бұл интеллектуалды сайыс ауданымызды жаңа бағытпен өркендету жолына септігін тигізуде. Жастардың арасында зияткер буын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндіктер жасауда. Қазір елімізде зияткер жастарды қалыптастыру үдерісі қарқын алуда. Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын, – деді әкім.
Білімді жастарының басын қосқан сайысқа «AMANAT» партиясы Сауран аудандың филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы, Сауран ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Абылайқызы мен аудандық мәслихат депутаты Сәбит Дайрабайұлы мен Сауран жастар ресурстық орталығының басшысы Дүйсенбекова Айгерім Ералықызы қатысып, әділ қазылық жасады.
Сайыс 4 кезең бойынша өтті. Қатысушылар салт-дәстүр, өнер және жалпылама сұрақтар бойынша сынға түсті. Облыстық деңгейде өткізілген білім жарысына Түркістан облысының аудан-қалаларынан 22 құрама қатысты. Әр кезең бойынша жауап беруге 1 минут уақыт берілді.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша 3 орынды — Сауран ауданының «Жібек жолы» командасы иеленді. Ал, 2 орынға — Түркістан қаласының «The best leaders» командасы тұрақтады. 1 орынды Арыс қаласының «Арыс арулары» командасы жеңіп алды. Барлық командаларға аудан әкімі атынан арнайы алғыс хат және қаржылай сыйлықтар табысталды.