Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Жамбыл атындағы мектеп-лицей базасында «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы аясында «Үздік кітапханашы -2023» тақырыбында облыстық Байқауға аудан көлеміндегі 30 мектептің кітапханашылары қатысты. Соның ішінде Шенгелді шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінің кітапханашысы Ұлбосын Ахметова аталған байқауда жүлделі І орынмен марапатталып, облыстық байқауға жолдама алды. Басқа да үздік деп танылған кітапханашылар, арнайы білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетсек, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы екі бірдей жетістікке жетіп отыр. Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында өтіп жатқан «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» ұйымының отырысында облыстық кітапхана директоры Жанат Шардарбекова «Жыл кітапханашысы – 2022» атағымен марапаттады. Оны «Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бақытжамал Оспанова тапсырды. Бұл мәртебе еліміз бойынша 20 мыңға жуық кітапханашының арасынан жылына тек бір кітапханашыға беріледі.
– Жыл сайын Одақтың кезекті отырысы ұйымдастырылып, түрлі мәселелер талқыланады. Биылғы жиында ҚР Мәдениет туралы Заңының 24-ші бабы – кітапхана ісі бойынша өзгеріс енгізу туралы қарастырылып, кітапханашылар өз ұсыныстарын білдірді. Әрі қарай Заң жобасы Парламентке ұсынылатын болады. Аталмыш номинацияға лайықты деп таныған басшылыққа алғысым шексіз. Бұл арқылы үлкен жауапкершілік, сенім артылды. Бұл – Түркістан облысындағы 395 кітапхананың бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі, – деді Жанат Сәдібекқызы.
Сондай-ақ Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Ерекше кітаптар әлемі» жобасы аясындағы «Кеңістікте бағдарлау» республикалық байқауы да аяқталды. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы III орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталды. Екі ай көлемінде зағип, көзі нашар көретін балаларға арналған тактильді кітаптарды кітапхана қызметкерлері Алия Жұмабек пен Дана Байдәулетова, Сұлтанбекова Айнұр өз қолымен тіккен болатын.
Айта кетейік, халықтың рухани игілігі үшін еліміздің кітапхана ісін нығайту жолында күш-жігерін аямай еңбек етіп жүрген руханият шырақшылары жақын күндері кәсіби мерекелерін тойлауы мүмкін.