Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барды. Білім мекемелерінің қауіпсіздігін бақылап, қысқы маусымға дайындығын пысықтады.
Алдымен Сайрамдағы «Айнабұлақ» жалпы орта мектебінің жағдайын көрді. 1991 жылы пайдалануға берілген 1 қабатты білім ордасында 600ден астам бала оқиды. Мектеп қатты отынмен жылынады. Алайда көмірдің қоршаусыз, сыртқа жатқанын көрген Ғалымжан Сұлтанбекұлы мектеп директорына шатыры бар, жаңбыр қардан қорғалатын таса жерге ауыстыруды тапсырды. Мектептің ішіндегі орындықтардың тозығы жеткен, оларды жаңартып, балалардың таза, ыңғайлы жерде білім алуын қамтамасыз етіңдер деді басқарма басшысы. Асханасының іші тар. 267 бала бірнеше легпен бір реттік ыстық тамақ ішеді.
Келесі 9 жыл бұрын қолданысқа берілген №67 «Көмешбұлақ» жалпы орта мектебіне барған басқарма басшысы мектептің жылыту жүйесін тексерді. Әзірге қатты отын арқылы жылынатын білім ұясы, газға өтеді. Қорда 235 тонна көмір бар. Олардың сақталу тәртібі де қарастырылған. Қауіпсіздік жағы толық қамтамасыз етілген.
№ 49 Ш.Уалиханов атындағы жалпы білім беретін мектеп 2009 жылы пайдалануға берілсе де, ғимараттың төменгі қабаты, асханасы қауіпті аймақта. Апатты деп танылған бір бөлігі. Қазіргі таңда, тегін тамақ ішетін 200-ден астам балаға 2 сынып қосымша қарастырылған. Ғалымжан Сұлтанбекұлы қауіпті аймақты блоктар үшін күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды.
Облыстың бас ұстазы Ғалымжан Сұлтанбекұлы аудандарға сапарын Түлкібаста жалғастырды. Дауан атындағы жалпы білім беретін мектепке келіп, қауіпсіздік жүйелерін тексерді. Білім ұясында 11 ішкі, 5 сыртқы бейнебақылау камерасы бар. Арнайы күзет қызметі бәрін қадағалап, мектепке келгендерді бақылап отырады. Дабыл батырмасы да тексерістен өткен. Қоршауы талапқа сай. Басқарма басшысы осы тұста қоршауды орнатқан мердігердің ұтқырлығын атап өтті. Олар қоршаудың тірек темірлердің төбесіне арнайы қақпа қойған. Бұл жаңбыр суының ішке кіріп, қоршаудың ерте қирамауынан құтқарады. Әрі ішіне қоқыс та толмайды. Мектеп газбен жылытылады. 1978 жылы пайдалануға берілген білім ордасына 10 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектеп 150 балаға шақталғанымен 2 ауысымда 300-ден астам бала білім алады. Алайда, қосымша ғимаратты қажет етеді.