Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде ұйымдастырылған тегін ыстық тамақтың сапасын қадағалау, бақылау және мониторинг жүргізу мақсатында ҚР Білім және Ғылым министрлігінің 598 бұйрығына сәйкес барлық білім беру мекемелерінде бракераж комиссиясы құрылған.
Бракераж комиссиясы мектептің жұмыс жоспарына сәйкес жүйелі мониторинг жүргізеді. Комиссия төрағасы мектеп директоры болып табылады, ал мүшелеріне қамқоршылық кеңесінен, ата — аналар комитетінен, мектептің тәрбие орынбасары, медицина саласы өкілдері кіреді.
Осы бағытта ауданның бірқатар мектептерінде тамақтандыру жүйесіне мониторинг жүргізілді. Олар: №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп гимназиясы, №74 жалпы орта мектебі, М.Мақатаев атындағы жалпы орта мектебі және №18 Ә.Құрмантаев атындағы жалпы орта мектебі, №93 Абылай хан атындағы жалпы орта мектебі
Мониторинг қорытындысы бойынша тамақтандыру сапасын арттыру мақсатында ұсыныстар енгізіледі және кемшіліктерді жою үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда бөлімге қарасты барлық білім беру мекемелерінде 1-4 сыныптың 19012 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Тамақтану – ағзаның өмірлік қажеттілігі болып саналады. Ол адамды сумен, энергиямен қамтамасыз етеді. Балалар организмі үнемі өсіп, дамып отыратындықтан олардың зат алмасу процестері елеулі өзгерістерге ұшырайды. Балалардың тамақтануының рационалды болуы, тамақтанудың тәртібін дұрыс ұйымдастырғанда ғана мүмкін. Ол үшін төменде көрсетілген шаралардың орындалуы қажет:
Тамақтану уақытын және уақыт аралықтарын қатал сақтау;
Тамақ қабылдаудың физиологиялық рационалдылығы;
Жеке тамақтану уақыттарына сәйкес, тағамды мөлшері мен сапасына байланысты дұрыс бөлу;
Балалардың тамақтану жағдайы және тамақтану кезіндегі балалардың тәртібі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінде қыркүйектің 1-нен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 2,5 мыңнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 19012 бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыру ұйымдастырылды. Мектеп асханалары қажетті ыдыс-аяқпен жабдықталған. Жалпы тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды. Мектептерде бір реттік тамақтандыру үшін екі апталық перспективалық ас мәзірі беітілген.