Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты М.Лермонтов атындағы жалпы орта мектебінде “Ахмет Байтұрсынов — ұлт ұстазы” атты танымдық сабақ өткізілді.
Ғасырдың басында «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. …Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» – деп жазды реформатор-ғалым өзінің тіл туралы зерттеу мақаласында. Сондықтан ол қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін ғасыр басында қоғами ахуалмен байланыстыра отырып, аса жауапты жұмысты қолға алған. Реформаланған араб жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінің өз кезінде қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкелгенін, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпал еткені туралы замандастары жарыса жазды. Мәселен, өз ұлтымыздың зиялылары ішінен алғаш қалам тербегендер – М.Дулатов, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфоллаұлы және М.Әуезов т.б. болғанын алдыңғы бөлімде сөз еткенбіз. Яғни, тұлғаның ұшан-теңіз атқарған жұмыстары ғасыр басында-ақ айырықша аталып, жоғары бағаланды.
ХХ-шы ғасыр басындағы қазақ елінің ұлттық ғылымында жүргізілген жұмыстардың бір саласы – оқулықтар жасау болғаны белгілі. Сол тұста елімізде жаңадан ашылып жатқан жоғары оқу орындарын есептемегенде, мектеп оқулықтарының өзі де жоқтың қасы болатын. Қазақ тіл білімі мен әдебиетте сан салалы зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге, түрлі оқулықтар жасаудың да қажеттілігі сезіліп, маңызды мәселе ретінде алға қойылған тұста – А.Байтұрсынұлы оқулықтар жазу мәселесіне өте жауапкершілікпенұлт мүддесі тұрғысынан қараған. Ол патша заманында қазақ жұртының қажетін өтеген кирилл таңбасындағы қазақ алфавитіне мойынсұнбаған, төтеден жол іздеген. Қазақ жұртының төл, ана тілін саф қалпында сақтау үшін қандай таңбаны «әліпби» етіп алу керектігіне зор мән берген. Әрі осы жолда тыңнан түрен салды.
Ұлттың ұлы ұстазы-Ахметтің түрлі қырларын оқушылар осы сабақ аясында жақсы тани білді. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт -азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы — Ахаң туралы оқушыларымыз тамаша ақпараттар ала отырып, сабақта қолданылған жаңашыл әдістер арқылы алған ақпаратты естеріне сақтай алды.
Ахметті таныту барысында сабақ өткізген ұстаздарымыз Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мұражайдың директоры Райхан Имаханбетпен байланысқа шығып,сабақ үстінде желі арқылы музей туралы ақпараттармен бөлісті. Оқушыларымыз тап сол музейде жүргендей әсер ала алды. Осы тұста көптеген оқушыларымыздың қызығушылықтары арта түсіп, аса бір мұқияттылықпен сабаққа зейін қойды.
Сабақты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Сатымбекова Эльмира мен Әбдібек Тоғжан апайларымыз жоғарғы деңгейде өткізді . Ұстаздарымыз “Ағартушы Ахмет: “Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады” деген. Ұлы сөз! Егемен еліміз тұлымды ұлым мен бұрымды қызым деп сендер үшін барлық жағдай жасауда. Ертеңгі және бүгінгі күні, қадірлі менің Қазақстаным деген қасиетті ұғым, Ахмет аталарыңдай әрқайсысыңның кеуделеріңде атой салып жаңғырып тұруы тиіс!” -деп танымдық сабақтарын тиянақты аяқтады.