Төлеби ауданы білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, әдіскер Маржан Құрманбекованың ұйымдастыруымен «Оқушылардың өзін-өзі басқаруын ұйымдастыру және тәлімгердің жұмысын жүйелендіру» тақырыбында мектеп тәлімгерлеріне арналған аудандық семинар өтті.
Аталмыш семинарға қатысқан Төлеби ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев тәлімгерлерге бағыт-бағдар беріп, мектеп парламенті жұмысының маңыздылығы туралы әңгімеледі.
— Жақында оқушылар арасында сайлау ұйымдастырылып, мектеп парламентінің мүшелері сайланбақ. Оның құрылымында атқарушы органдар да болуы мүмкін, олардың әрқайсысы өз бағытына жауап бермек. Жалпы, мектеп парламенті білім алушыларға басқарудың не екенін түсінуге, олардың саяси және құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Оқушыларға жауапкершілік жүктеп, өз бетінше әрекет етуге жағдай туғызады. Нәтижесінде оқушылар мектептегі барлық білім алушылардың мүддесіне сәйкес бастама көтеріп, дұрыс шешім қабылдауды және осы шешімді жүзеге асыруды үйренеді. Оқушылардың өзін-өзі басқаруы оқу-тәрбие процесін демократияландыруға, білім алушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, бірқатар маңызды жобаларды іске асыруға, сондай-ақ, барлық мәселені бірлесіп шешуге ықпал етеді. Ендеше, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, — деді семинарда Бекайдар Адамбекұлы.
Сонымен қатар, семинарда бірқатар мектептің тәлімгерлері «Мектеп парламентінің ролі» тақырыбында, «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмысын ұйымдастыру туралы баяндамалар оқыды.
Айта кетейік, мектеп парламенті бұл-оқушылардың өз еріктерімен біріккен ұйымы, ол мектеп өміріндегі мәдени іс-шаралар мен ағымдағы болып жатқан істерді шешуге белсенді түрде атсалысады. Мектеп парламенті – мектеп өміріне жәйман-жәй қарамайтын белсенді оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы арқылы жұмыстарды іске асыратын, өздерінің комуникативті және ұйымдастыру шеберліктерін шыңдайтын ұйым. Парламент шығармашылығы өзінің бекітілген ережесі негізінде мектеп әкішілігі мен тәрбие жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі.
Мектеп парламенті оқушылардың өкілетті ұйымы болып саналады. Сонымен қатар алдына мына бағыттағы міндеттерді қояды:
— Мектеп ортасында өзін-өзі басқару дағдыларын дамыту;
— Азаматтық айқын көзқарас танытуға, адамгершілік қасиеті жоғары ұстауға, оқушылардың рухани мәдениетін көтеруге тәрбиелеу;
— Білім алу кезінде мектеп парламенті оқушылардың қызығушылығын арттыруды жүзеге асырады.