Шардара ауданы білім бөліміне қарасты Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде күзгі демалысты тиімді пайдалану мақсатында оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында кітапханашы Нұрпейсова Назым 7-сыныптармен «Туралықты тұғыр еткен төле би» тақырыбында адалдық сағатын өткізді.
Сабақтың мақсаты: Төле бидің тарихи биік тұлға дәрежесіне жетуіне себеп болған тұлғалық қасиеттерімен таныстыру. Іс шара барысында қазақ халқының шешендік өнеріне, ел бірлігін нығайтуға орасан үлес қосқан ойшыл, дана, туралығын айтар шешен Төле би бабамыздың жас ұрпаққа өнеге болар ғибратты ғұмыры мен өсиеттеріне, даналығы мен жеке қасиеттері айтылды. Соның негізгілері: ел мұратына деген кіршіксіз адалдық, билік айтардағы қара қылды қақ жарған әділдігі, ақиқатты ту етіп көтеруі.
Төле бидің өмірлік ұстанымындай болған «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөзі адалдық пен парасаттылықтың, әділдік пен туралықтың биік өлшемі. Нақты осы қасиеттері бүгінгі өскелең жас ұрпақ үшін – таптырмас өнеге.
Төле бидің өмірі дүниеге жаңа қадам басқан жастардан бастап, ересек тұлғаларға дейін рухани ұстаным бола алады. Заманын болжай білген Төле би «Алдыңа келсе бітпес дау, әділін айтып қорғаңыз» деп әділдікті ең басты құндылық ретінде ұстанады. Сондықтан да бабамыздың әрбір сөзі тәрбиелік мәні зор адамгершіліктің алтын қоймасы іспеттес.
Төле би әр істе ұятты ұмытпауға шақырады. Жаман қасиеттерден алшақ болуға, еңбексүйгіштікке үндейді: «Жас адамға басты кесір – еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір – тілазарлық» деп жағымсыз қасиеттерден сақтандырады.
Төле би бабамыздың ізгі әрекеттері мен биік болмысы, даналығы мен тапқырлығы, қара қылды қақ жарып айтар туралығы, әділ шешімі мен билік кесімдері елге қызмет етемін деген әрбір азаматқа үлгі болуы тиіс.
Дана бидің ұрпағына аманат еткен асыл сөздері нағыз ақиқат пен парасаттылықтың ұшқыны ретінде «Мәңгілік ел» идеясымен ұштасып жатқандай.
Сонымен қатар аталған білім ошағында күзгі демалысты тиімді пайдалану мақсатында оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында дене шынықтыру пәні мұғалімі Рахымбаев Бақытжан 6-сыныптар арасында «Шынықсаң шымыр боласың» тақырыбында эстафеталық жарыс өткізді.
Мақсаты: Салауатты өмір сүруге қызығушылығын арттыру. Спортпен айналысудағы әр түрлі дене шынықтыру жаттығуларының әдістерін үйрену, оларды қолдану.
Сонымен қатар «Қазақстан жалпы білім беретін мектеп» КММ-де оқушылардың күзгі демалысын тиімді өткізу мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес үйірме жетекшілер Қ.Мырзаева және К.Естұрғанова «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Балалар кітапханасы» тақырыбында оқырмандармен кездесу ұйымдастырды.
Мақсаты: Оқырманды кітап оқу арқылы дүниетанымын кеңейтуге,көркем шығармаларды сезінуге,оқыған кітаптары жайлы айтып,еңбекте, оқуда кітапты пайдалануға насихаттау.