Келес ауданынағы мектептердің бірінде сақтаулы тұрған құнды жәдігер бар. Ол ақын Абай Құнанбайұлының екі томдық шығармалары. Ауданға қарасты №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп кітапханашысы Гүлмира Турысбекованың айтуынша, бұл кітаптар 1957 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасынан басып шығарылған.
Абай Құнанбайұлының екі томдық шығармалар жинағы бүгінге дейін жақсы сақталып келген. Бұл мектеп кітапханасындағы көне әрі құнды кітаптардың бірі болып табылады. Гүлмира Турысбекова «мұндай кітаптарға оқырмандар тарапынан сұраныс көп» дейді.
— Мектебіміздің кітапханасының қорында жалпы 15351 кітап бар, оқулық саны 14456, әдістемелік кітаптар 177, анықтамалық кітаптар 56, сөздіктер 29, электронды оқулықтар 239, әдеби кітаптар 394 дананы құрайды. Соның ішінде ең көне кітап 1957 жылғы Абай Құнанбаевтың шығармалар жинағының 1-томы қолданысқа ие болып тұр. Кітап мектеп кітапханасында 66 жылдан бері сақтаулы. Мұндай жәдігерлерді біз көздің қарашығындай сақтаймыз, — дейді Гүлмира Турысбекова.
Оның айтуынша, мектеп кітапханасында оқушылардың кітап оқуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ балаларды кітап оқуға баулу мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылуда екен.
Айта кетсек, Келес ауданындағы балабақша мен білім ошақтарында «Алтын күз» мерекесі ұйымдастырылуда. Кеше аудандық білім бөліміне қарасты Абай ауылындағы «Даму» оңалту орталығында да «Алтын күз» мерекелік шарасы өтті.
Бүгінгі таңда «Даму» оңалту орталығында 80 ерекше бала тәрбиеленуде. Осы ерекше балалардың қатысуымен аталған мекемде алтын күз мейрамы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Аталған іс-шараға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
— Бүлдіршіндеріміз тақпақ айтып, мерекенінің көркін келтірді. Сіздерді осындай көтеріңкі көңіл күйде көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Өз кезегінде осындағы барша қызметшілерге алғыс айтым келеді. Балақайлардың өмірге деген құштарлығын арттырып, жоғары нәтижелерге жетулеріңізді тілектеспін, — деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары.
Мекеме басшылығының айтуынша, 2019 жылдың 1 сәуірінде ашылған Орталықта бүгінге дейін 4 аутист баладан нәтиже шығып, 12 бала оңалту орталығынан жалпы білім беретін мектепке ауысқан екен. Сонымен қатар, тірек-қимыл аппараты бұзылған 17 бала аяққа тұрып, 9 баланың сөйлеу қабілеті жақсарған. 12 бүлдіршіннің диагнозы жеңілдетілген диагнозға ауысыпты.