Түркістан облысы: Мектептердің серіктестігі мықты
Созақ ауданы, «Қарағұр» жалпы білім беретін мектепте білім мазмұны мен оқытудың әдіс-тәсілдерін жаңарту арқылы білім сапасын арттыру, сапалы сабақ беруде тиімді әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдана отырып, іс-тәжірибемен бөлісу мақсатында бастауыш сынып пән бірлестігінде «Тиімді әдіс-тәсілдер — сапалы сабақ кепілі» тақырыбында семинар-практикум өткізілді. Семинарды мектеп директоры Т.Малбағаров ашып, мұғалімдер мен оқушыларға сәттілік тіледі.
Бастауыш сынып пән әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Г.Асанова мұғалімдерді мектепішілік семинардың іс-шара жоспарымен таныстырды. Тақырып аясында тренингтер, мұғалімдердің әдістемелік көрмесі, ашық сабақтар, тәжірибе алмасу сәттері, коучингтер өткізілді.
Бағдарламаның практикалық кезеңінде мұғалімдер тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімдерінің ашық сабақтарына еніп, іс-тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бастауыш сынып мұғалімі З.Жылқыбаева «Қысқа мерзімді жоспарды жоспарлау» тақырыбында коучинг өткізіп, заманауи іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Ал Түркістандағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің ұстаздары Гүлзада Жанжігітова мен шетелдік мұғалім Miroslav Curcic қаладағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен оқушыларына тәжірибелік семинар мен ашық сабақ өткізді. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 11 қазанында Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясы мен Зияткерлік оқу ордасы арасында серіктестік туралы меморандум жасалған болатын. Бүгінде Түркістандағы NIS серіктес мектепке әдістемелік қолдау көрсетуді бастады.
Мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушыларына ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлзада Жанжігітова «Sport and Its Influence on Self-confidence» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, оқу дағдысын арттыруда тиімді әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Сондай-ақ, шетелдік мұғалім Miroslav Curcic «Developing Students’ Writing Skills: Tips and Recommendations» тақырыбында серіктес мектеп ұстаздарына әдістемелік көмек ретінде семинар өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.