Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Мұғалім — мамандық, ұстаздық — қасиет. Яғни, ұстаз болу — адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.
Халық санасын оятып, ағартушылық еткен жан — қай кезде де мәртебелі саналатыны тарихтан белгілі. Әлемді билеген патша, дүниежүзілік ғылымда теңдессіз жаңалық ашқан ғұлама ғалым, ел басқарған басшы мен қайраткерлігімен танылған еңбек адамы болсын мұғалімнің алдын көрген. Сондықтан, дана Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» — дегеніндей, жер бетіндегі әрбір адам баласының жүрегінде ата-анасының тәрбиесінен кем емес тәлім-тәрбие, білім нәрімен сусындатқан ұстаздары өмір бойы сақталары сөзсіз.
“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздарды Қазақстан Республикасының оқу ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың ұлттық мереке — Республика күніне орай зейнеткер ұстаздарға жолдаған Алғыс хатын марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шарада сөз сөйлеген облыстық кәсіподақ төрағасы Шайдулла Жандос ардагер ұстаздарды 25 қазан — Республика күні мерекесімен құттықтап, оқу ағарту министрі жолдаған Алғыс хатты оқып табыстады
Жиынға келген ұстаздардың Алғысын есту, жүздеріндегі қуанышты көру біз үшін бақыт.
«Министрге рахмет! Біз зейнеткер ұстаздарды елеусіз қалдырмай құттықтағаны үшін», — деп өз алғыстарын білдіріп, марапат алғандардың қуаныштарында шек болмады.
Құрметті Ұстаздар!
Баршаларыңыздың дендеріңізге саулық отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілейміз! Білім беру ісіне қосқан үлестеріңіз еселене берсін! Марапаттарыңыз құтты болсын!