Ясауи университетінде IMEI білім беру комитетінің басшысы, атақты ғалым, Корея Республикасының құрметті профессоры Джо Гю Юн «Бақытты өмір үшін салауатты ойлау» тақырыбында mind-лекция өтті.
MIND білімі – бұл теория мен білім емес, адамның ішкі әлемін өзгертетін білім. Білім берудің бұл түрінің түпкі мақсаты – бақытты өмірге дұрыс жол көрсетіп, шынайы өзгерістер енгізу.
Айта кетейік, профессор Джо басшылық жасайтын International Mind Education Institute – негізгі бағыты адамгершілік тәрбиесі болып табылатын оқу орталық. IMEI кәсіби моральдық тәрбие беру кадрларын жүйелі түрде оқыту үшін білім беру форумы мен ақыл-ой тәрбиесі бойынша лекторларға арналған тренинг сынды бағдарламаларды өткізеді. Сондай-ақ орталық мектептерге, әскери бөлімдерге, компанияларға, түзеу мекемелеріне және т.б. орталықтарға консультациялық қызмет көрсетеді.
Профессор Джо Гю Юн өз лекциясында Жапон отарынан босап, азамат соғысының ауыр зардаптарын көріп, сан сынақтан өткен Корея Республикасының даму тарихын кеңінен жеткізді. Жәй тарих емес, ел дамуына бастаған «ойлау жүйесі» жайлы айтты. Бір кездері адам ресурсынан басқа байлығы қалмаған Кореяның бүгін экономикасы дамыған алдыңғы қатардағы мемлекет, технология, сауда-саттық, денсаулық, білім, IT алаңдарындағы елеулі жетістіктері басқа мемлекеттерге үлгі бола алатынын тілге тиек етті.
«Бақытты қоғамды санасы сау адамдар құрады. Бақытты өмір сіздің ойыңызды өзгертуден басталады. Қарқынды экономикалық өсуді басынан өткерген қазіргі қоғам материалдық құндылықтар мен экономикалық мүмкіндіктерді рухани құндылықтардан жоғары санай бастады. Осылайша, материализмнің молдығы аясында рухани құндылықтар бірте-бірте құлдырай бастайды»,- деген профессор, адам ойлауы мен армандауының дұрыс бағытқа қойылуы үлкен жетістіктерге бастайтынын жеткізді. Салауатты және дұрыс санасы бар жеке тұлғаны тәрбиелеу арқылы бақытты қоғам құруға болатынын атады. Осылайша, бір ғана адамның салауатты ойлау жүйесі бүтін бір мемлекеттің дамуына бастайтынын жеткізді.
Жиын соңында профессор университет жастарына армандаудың, қиялға ерік берудің, адамның санасына қойған орынсыз шектеулерден арылудың маңызын айтты.
Лекция соңы кореялық өнерпаздардың ән шашуы мен би арқылы жалғасты. Кореяның әлемге әйгілі телесериалдарының саундтректерінен бөлек Қазақстанның «Атамекен» әнін залмен қосыла шырқады.