Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 28 қазан мен 3 қараша күндері аралығында түркістандық 15 білім саласының қызметкері Жапония еліне іс-сапармен барды. Олар күншығыс еліндегі білім саласының артықшылықтарын көзбен көріп, тәжірибе алмасып қайтты. Аталған семинар Жапонияның Білім министрлігінің білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының қолдауымен ұйымдастырылған. Бұл жайында брифингте облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы Бақытжан Төлембет баяндады.
— Облыстан барған делегация жапон елінің білім беру әдістемесімен ғана емес, әкімшілік басқару сынды тұстарымен де танысты. Ондағы педагогтардың кәсіби даму құлшынысы мен оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру әдістемесін үйренді. Алдағы уақытта Түркістан облыстық Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында байланыс орнатылып, бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілмек — деді Бақытжан Нұрмұхаммедұлы.
Бір аптаға жалғасқан семинар cоңында делегаттарға Білім беру саласындағы Саяси Зерттеулер Ұлттық Институтының халықаралық сертификаты табысталды.
Білім саласының өркендеуіне еліміздің әр азаматы жауапты. Болашақ — білімде болғандықтан, әркім өз баласының ең жақсы білім алғанын қалайды. Сондықтан ағарту мәселесі халықтың жіті назарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу басты реформаларының бірі екендігін ерекше атап өткен болатын.
Осы орайда Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселелер өз кезегімен шешіліп жатыр. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірдегі білім саласына баса көңіл бөлінген. Облыста 5 жылда жаңадан 86 мектеп салынса, өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталған. Бүгінде 35 мың оқушы орнына тапшылық бар. Бұл мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынды.
Бұдан бөлек, Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады. Қазіргі таңда Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру бойынша берген тапсырмасын жұмыла абыроймен атқарылуда.