Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту туралы тапсырмасына сәйкес, мектеп асханаларының дайындығын пысықтау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі өз тараптарынан білім бөлімінің өкілдерімен бірлесе, тиісті шараларды жүзеге асыруға кірісті.
Ақысыз тамақтандыруды ұйымдастыру барысында балалардың жаппай улануына жол бермеу, әр түрлі инфекциялық ауруларға шалдықпау және жалпы денсаулығына зиян келтірмеу қазіргі таңда басым бағыттардың бірі болып қалады. Мектеп асханаларының жағдайы санитариялық талаптарға сәйкес болуы және бұл асханаларда дайындалатын тағамның қауіпсіз болуы тиіс. Жекеменшік мектептерді қоспағанда мемлекеттік білім ұяларының ғимараттарында орналасқан асханалар жеке кәсіпкерлердің меншігінде болып табылады.
Мектеп асханаларына төмендегідей бірқатар талаптар қойылады.
1) Асхана үй-жайларына қойылатын талаптар:
-мектеп асханасының санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларының болуы;
-үздіксіз орталықтандырылған салқын және ыстық сумен жабдықталуы;
-кәріз жүйелерінің болуы, жарық, жылумен, желдетумен қамтамасыз етілуі;
-ас блогында механикалық түрде іске қосылатын желдету жүйесінің болуы;
-жылу және ылғал бөлу жабдықтарының үстінде сыртқа тарту шатырлары орнатылуы;
-технологиялық процесс ағындылығын сақтау үшін қажетті үй-жайлар мен құрал-жабдықтардың, тоңазытқыштардың жеткілікті болуы;
-асхана қоймасының болуы.
2) Асхана тазалығына қойылатын талаптар:
күнделікті ылғалды тазалау және дезинфекциялаудың жүргізілуі;
-жәндік, кенелер мен кеміргіштердің болуына жол бермеу үшін дератизация және дезинсекциялық іс-шаралар атқарылуы;
-асхана қызметкерлерінің медициналық байқаудан өткендігі туралы жеке медициналық кітапшаларының болуы;
-дене қызуы көтерілген, жарақаттары бар жұқпалы аурулармен қарым-қатынаста болған қызметкерлерді жұмыс орнынан шеттету;
қол жуу үшін ыстық және салқын су өткізілген қол жуатын раковиналар, қол жууға және құрғатуға арналған құралдар-жабдықтардың жеткілікті болуы;
3) Сапалы және қауіпсіз тамақтандыруды ұйымдастыру:
— асхана қоймасына тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізаттарын сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарымен ғана қабылдау;
-мекеме басшысы тарапынан бекітілген перспективалық ас мәзіріне сәйкес күнделікті асханада тамақтың дайындалуы;
-медициналық қызметкер немесе жауапты маман тарапынан дайындалған тағамның сапасына органолептикалық бағалау жүргізу;
-бракеражды комиссиясының қызметін белсендендіру: комиссия құрамына медицина, әкімшілік қызметкері, өндіріс меңгерушісі және ата-аналар комитетінің өкілі енгізіледі және мектеп басшысының бұйрығымен бекітіледі.
4) өндірістік бақылау ұйымдастырылады және жүргізуге қойылатын талаптар:
-қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, мектеп әкімшілігі жылына 2 рет СЭББ-на асханалардың өндірістік бақылауы жөнінде ақпарат жолдау;
-жергілікті СЭББ-на ақпарат жолдамаған жағдайда бармай бақылауға алынып, тексеру тізіміне енгізілетіні ескеру қажет.
Н.Нышанов
Түркістан облысының СЭБД басшысы