Түркістандық оқушы өзі жүретін «ақылды сөмке» жасап шығарды. Сөмкені иесі пультпен басқарып жылжыта алады. Қисық жол мен шоқалақтан да оңай өткізуге болады. «Төрткүл» жалпы орта мектебінде оқитын Айтуар Советбек өзі ойлап тапқан сөмкені сабаққа ұстап, көпті таңқалдырды. Оған бұл ой мұқтаждықтан туған.
Айтуар 1 жыл бұрын жол апатына түсіп, күрделі ота жасалады. Дәрігерлер ұзақ уақыт ауыр зат көтеруге тиым салады, тіпті кітап-дәптер көтеруге де болмайтынын айтқан. Сабақта қалғысы келмеген озат оқушы тығырықтан шығар жол іздеп тапты.
«Үйде жатып оқу қиын, қатарыңнан қалып қойғандай күй кешесің. Мектепке барайын десем денсаулығым жарамады, оқу-құралымды таситын бір адам керек. Ал үйдегілердің жұмысы бар, үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын кітаптарымды тасу үшін пультпен жүретін сөмкем болса деп ойлап, оны алдымен қағаз, картоннан жасап көрдім. Пластмасса жәшігін одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексердім. Ең бірінші сөмкем пластмассадан жасалды, кітап-дәптерлерімді салып мектепке дейін барамын. Ал сатыдан көтеруге сыныптастарым көмектеседі», -дейді Айтуар.
Айтуардың бұл идеясын анасы да қолдап, дизайннына мән береді. Ұлы ойлап тапқан сөмкенің сырт пішінін жасауға көмектескен. Қазір түркістандық оқушы жылжымалы сөмкені одан әрі дамыту үстінде, сатыдан өзі шығатын механизм жасап, өнімін сатылымға да шығару ойында бар.
Айта кетсек, Түркістан облысының оқушылары жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып, жаңалық жасаудан үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты “Абай атындағы №4 жалпы орта мектебі мектеп-гимназиясы” КММ-де ерекше қабілетті Темірханов Нұрдәулет есімді бала да оқиды.
Атасы Утемисов Темирхан трактор айдап, егіншілікпен айналысқан қарапайым еңбек адамы. Әкесі Қайрат болса, көз ашқалы көлік жөндеуді кәсіп етіп келеді. Атасы мен әкесінің еңбекқорлығын көріп өскен 9 жасар Нұрдәулеттің де әрнәрседен хабары бар. Әсіресе, темір-терсекті, техникалық құрал-сайманды шашып, онысын қайта жинауға жаны құмар 9 жасар баланың сабақтан кейінгі “жұмысы” осы!
Ес білгелі әлденені көріп, шұқылап, қарап жүрмейтін қызығушылығын тұңғыш рет сынып жетекшісі Орынша апайы 5 сынып оқып жүрген кезінде байқапты. Сөйтіп директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сарыбаева Алмагүлге келіп, Нұрдәулеттің ерекше қабілетін байқағандығын айтады. “Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, Алмагүл Сарыбаева Нұрдәулетті тұңғыш рет 5-7 cыныптар арасында өткен мектепішілік “Жігіт сұлтаны – 2022” байқауына қатыстырып, танытқан болатын. Нұрдәулет қазіргі таңда ойын рөлі, жарық шығарғыш, дыбыс зорайтқыш құралдарын құрастырып жүр. Қиялында “пісіріп” жатқан құнды дүниелері көп-ақ. Алдағы уақытта ол “ақылды” дыбыс зорайтқыш, радио, магнитафон құрастырып көрмек.