«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.
Түркістан облысы бойынша PISA-2018 халықаралық зерттеуіне облыстағы 35 білім мекемесінен 820 білім алушы қатысып, жаратылыстану бағытынан – 373, математика – 401, оқу сауаттылығынан – 368 бал жинады. Республика көлемінде оқу сауаттылығынан -12, математикалық сауаттылық -13, ғылыми-жаратылыстану бағытынан – 14 орынды алды.
Ауыл мектептерінің білім сапасы -360, қала мектептерінің білім сапасы – 376 балл, қала мен ауылдың алшақтығы – 16 балды құрады.
PISA-2022 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Білім алушылардың халықаралық зерттеулерге қатысуының кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 17 наурыздағы №103 бұйрығына сәйкес 2022 жылғы 4 — 29 сәуір аралығында Түркістан облысында PISA-2022 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі өткізілді.
Халықаралық зерттеуге 27 білім беру ұйымынан (25-мектеп, 2-колледж) 881 оқушы (99,3%) қатысты.
Жалпы тестілеу барлық білім беру ұйымдарында кестеге сәйкес өткізілді. Зерттеу қорытындысы Экономикалық ынтымақтық және даму ұйымы тарапынан 1 жылдан кейін 2023 жылдың маусым айында шығады.
Бұдан бөлек, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы (бұдан әрі – Ұлттық жоба) (ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 қаулысы) бойынша Түркістан облысында 2023-2025 жылдар аралығында 11 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесін ашу жоспарланған (әрбір 50 мың балаға 1 ПМПК) (2023 жылы 3 мекеме ашылады)
Инклюзивті практиканы дамытудың маңызды кезеңі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау болды. Заңда ерекше білім беруді қажет ететін балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру жөніндегі норма қабылданды.
2023 жылдың басында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 24 мың баланы құрады, оның ішінде мектеп жасындағы –
17808 бала.
2023 жылдың басында облысымызда 7 арнайы мектеп, сондай-ақ 7 ПМПК, 17 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері (бұдан әрі – ППТК) жұмыс істеді. Сонымен қатар, Дара қорының демеушілігімен Сарыағаш, Мақтаарал, Ордабасы, Созақ аудандары мектептері базасында инклюзивті қолдау ресурстық орталықтары жаңа заманауи техникалық-құралдармен жабдықталды. Жаңа оқу жылынан бастап пайдалануға берілетін болады.
Сондай-ақ мектептерде 6 инклюзияны қолдау кабинеті, 220-ден астам логопедиялық пункт жұмыс істейді. Арнайы ұйымдарда арнайы оқу бағдарламалары бойынша мүмкіндігі шектеулі 1256 бала оқиды.
2022 жылы психологиялық-педагогикалық қолдау, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидалары бекітілді, білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормалары жетілдірілді. ПМПК-ның жеткілікті желісін қамтамасыз ету мақсатында бір ПМПК желісін ашу нормативі 60 мыңнан 50 мың балаға дейін қайта қаралды.
ЕБҚ балаларды арнайы психология-педагогикалық қолдауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру жөніндегі нормалар бекітілді. Бұл жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалана отырып, ППТК, оңалту орталықтарының желісін кеңейтуге бюджеттің күрделі шығыстарынсыз ЕБҚ балаларды арнайы психология-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Психологиялық-педагогикалық қолдауды сапалы іске асыру үшін базалық инфрақұрылым (жобалық қуат, мамандар кабинеттері, оңалту және емдік дене шынықтыру аймақтары, ата-аналарға, педагогтерге арналған коворкинг), сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарының жеткілікті желісі және олардың халықаралық талаптарға сәйкес заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы талап етіледі.