«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп, Мағжан Жұмабаев айтқандай, еңбегі елге елеулі Аллашова Ольга Суханбердықызының өмір жолы, адамгершілік мұраттары, ұстаздық ұлағаттары, мақсаткерлігі жайлы үзік сыр шертейін.
Мен Түркістан қаласындағы іргелі білім ошақтарының бірі –Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда ұзақ жылдар қызмет атқардым, қазір зейнеткермін. 2006 жылы болатын, мектеп — гимназияға жаңадан орыс тілі мен әдебиет пән мұғалімі келіп, оны алқалы жиналыста бізге таныстырды. Ол – Аллашова Ольга Суханбердықызы болатын. Сол күні қыркүйектің бірінші жұлдызында әріптесім Ольга Суханбердықызы Айман мен Шолпан атты егіз қыздарын менің сыныбыма жетектеп ертіп келіп «Сабақты жақсы оқыңдар!» деп, сыныптан шығып кетті. Мен оларды оқушылармен таныстырып, партаға отырғызған едім. Міне, сол қарақалпақ қызы — Ольга Суханбердықызымен таныстығым осылай басталған еді.
Ольганың әкесі Суханберды қарақалпақ, анасы — Татьяна Ивановна орыс ұлтының өкілі. Екеуін тоғыстырған мұғалімдік қызмет болатын. Сонау Ресей жерінде екеуі танысып, махаббаттары берік жандар, өзара түсінісіп, шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Ресей елінде, Алтай аймағындағы Рубцовск қаласында 1972 жылы, 25 мамыр күні осы шаңырақты шаттыққа бөлеп, ұстаздар отбасында Аллашова Ольга Суханбердықызы іңгәлап дүниеге келді. Отбасы 1974 жылы Қарақалпақ еліне, Тахтакөпір ауданына біржолата көшіп келді. Сүйкімді болып өскен Ольга 1979 жылы 1-ші сыныпқа қадам басты. Ольга мектеп қабырғасында өте зерек, елгезек, ұғымтал, шыншыл, белсенді болып сабақты жақсы оқыды. Жоғары сыныпқа өткенде де қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кіріседі. Осы орайда Ташкент қаласындағы «комсомолдар мектебінде» оқып, «Пионер жетекшісі» деген куәлік те алады.
1989 жылы мектепті үздік бітіріп, жаңа өмірге жолдама алды. Ойлағаны тек білім болып, жігерлі, білімге құштар тас-түйін мақсаты бар бойжеткен Ресейдегі 65 жылдық тарихы бар Г.Р.Державин атындағы Тамбов мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне түседі. Студенттік өмірінде көшбасшылық қасиетімен көзге түседі. Институт қабырғасында жүрегіне иман ұялаған кішіпейіл Ольганың құрбыластар арасында беделі өте жоғары болды. Студент шақтан-ақ тауып сөйлейтіндігімен, шешендігімен дүйім жұртты өзіне қарата білетін. Іс-шараларды ұйымдастыру шеберлігіне тәнті болған институттағы ұстаздары да талай тапсырмаларды оған сеніп жүктеп қоятын еді. ТМПИ-ның гуманитарлық бөлімі бойынша орыс тілі мен әдебиеті факультетін 1994 жылы қызыл дипломмен бітірді.
1993 жылы өмірінде ғажайып өзгеріс орын алды. Яғни, Ольга нар тұлғалы, бидай өңді, келбетті келген қазақ жігіті Сәкенмен танысып, біраз уақыт араласып, ара қатынастары махаббатқа ұласып екеуі отау құрады. Ажарлы Ольга көп балалы қазақ отбасына ибалы келін болып түседі. Ата-енесі, қайынаға, қайыніні, қайынсіңілі, қайынбикелері аққұба жүзді Ольгаға мейіріммен қарап, оған қазақ тілін үйретуге тырысады. Алғашқыда қазақ тілінде сөйлеу қиыншылық тудырады. Жолдасы – Сәкен Бәкірұлы Абсаматов. Ол жан- жарына әрдайым қолдау көрсетіп жүрді. Бір күні Сәкен М. Әуезовтың 4 томдық «Абай жолы» кітабын Ольгаға тарту етеді. Ольга осы бір құнды кітапты жастана жатып, жан-тәнімен оқып бітіреді. Тіпті, бірнеше рет қайталап оқиды. Әр сөздің мағынасына көңіл бөліп, жадына жаттап сақтайды. Түсінбеген сөздердің астын сызып, мағынасын сұрап алатын. Қазақ тілін меңгеруге ықпал еткен «Абай жолын» қастерлеп кітап сөресіне қойды. Қарақалпақ тілі, қазақ тілі, орыс тілдері — Ольгаға өзінің ана тіліндей болып кетті. Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» дегендей, үш тілді жетік меңгерген парасатты Ольганың ақыл-ой қоржыны толы қазына.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғаты тұнған тылсым Сарапхан ауылында жас отбасы біраз жылдар мекен етеді. Қазаққа ибалы келін болған Ольга қолынан келетін дәмді тағамдарын пісіріп, келген қонақты жылы қабағымен қарсы алып, қазан асып ас дайындап, ақ дастарханға қоятын еді. Үлкен отбасында қайын жұртымен тіл табысып, ширақ келін болып қалыптасады.
Ал, 2000жылы жұмысқа шақырту алған жолдасы Сәкенмен бірге елордамыз Астанаға отбасымен көшіп барды. Ольга үй шаруасымен айналысып, балаларын тәрбиелейді. 2006 жылы туған мекендеріне қайта оралып, Түркістан қаласында тұрақтайды.
Бүгінде Ольга Суханбердықызы бес баланы дүниеге алып келген көп балалы ана. Отбасында Айгерім, Назым, Айман, Шолпан есімді қыздары, Байкен есімді ұлдары бар. Жары — Сәкен Бәкірұлы Абсаматов – екі мамандықты игерген, бірінші мамандығы орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, 1998жылы Волгоград қаласында дипломдық жұмысын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Екінші мамандығы заңгер- юрист. Бүгінде Сәкен Бәкірұлы Түркістан қалалық соттың судьясы қызметін атқарып жүр. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей отағасы іс сапармен барып келген жерінен ылғи балаларына қажетті әдеби, ғылыми кітап алуды әдетке айналдырған. Ең үлкен сыйлық «кітап сыйлау» деп, санайды. Осы бойына біткен ізгілік қасиеті арқылы оның кім екенін адамгершілік тұрғысында бағамдауымызға болады.
Кейіпкеріміз – Ольга Суханбердықызы 2006 жылдан бастап, Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 мектеп- гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді.
«Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға»
деп, Абай атамыз айтқандай, бойына біткен салиқалы мінезімен, тыңғылықты іскерлігімен, жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен адал еңбек етіп келеді.
Әлемдік білім кеңістігіне ену үшін Қазақстандағы білім беруді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруде Ольга Суханбердықызының да осыған үлес қосып, атқарып жатқан қомақты істері ұшан теңіз. Шәкірттерін ылғи қанаттандырып, оларды халықаралық, облыстық, аудандық сан қырлы зияткерлік байқауларға қатыстырып, жеткен жетістік нәтижелеріне ортақтасып қуанып жүреді. Осының бір айғағы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасы. Сыныбындағы шәкірті — Альгужин Данияр Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасына жаратылыстану бағытындағы химия пәні бойынша қатысып, жүлделі І дәрежелі дипломға ие болған еді. Ол өзінің шәкірті жайында: «Альгужин Даниярдың жүлделі орын алуы – оның жоғарғы оқу орнында оқуға зор мүмкіндікке ие болуы» деген еді. Бірақ, сол жетістікке жеткен оқушысын қатал тағдырдың тәлкегіне ілініп, өмірден жұлдыздай ағып түскенін өкінішпен еске алды. Сондай-ақ, шәкірті — Мұратов Файзулла болса, Халықаралық «Infomatrix» атты байқаудан жеңіске жетіп, таңдаған жоғары оқу орындарына түсуге ҚР бойынша грант ұтып алды. Спорт саласы бойынша да сыныбындағы біраз шәкірттері биіктерден көрінген. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, оқушы мен мұғалім бірлесіп ізденген жағдайда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Орыс тілі пәнінен ҰБТ бойынша оқушылары жоғары көрсеткіш нәтижесін көрсетіп жүр. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп, Абай атамыз айтқандай, оза шапқан шәкірттері бүгінде өздерінің таңдаған мамандықтарын иемденді.
Шығармашылығын шыңдау үшін Ольга Суханбердықызы 2013 жылы Алтай аймағындағы Барнаул қаласына барып, «Филология мен мәдениет әлем кеңістігінде» атты Халықаралық практикалық конференцияға қатысып, сертификат алып келді. Орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ольга Суханбердықызының біліктілік санаты – педагог-зерттеуші.
2020 жылы көктем мезгілінде әлемде орын алған жағдаят, жалпы адамдардың денсаулығына қауіп төнген еді. Пандемия өршіп тұрғанда, мұғалімдер оқушыларға онлайн дәріс өткізіп жүрді. Ольга Суханбердықызының орыс тілі мен әдебиет пәнінен 11-ші сыныпқа арналған үздік ашық сабағы «Оңтүстік» телеарнасынан тікелей көрсетілді. Республика тарапынан сабағы жоғары бағаланып, марапатқа ие болды.
Облыстық Білім басқармасынан «Алғыс хат», ҚР Білім және Ғылым Министрлігінен «Алғыс хат», Түркістан Облысының Адами Әлеуетті дамыту Басқармасы Облыстық әдістемелік орталығынан «Мадақтама», Республикалық КИО олимпиадасының ІІІ Дәрежелі Дипломы, Daryn сайтынан Online Qaztest.kz І Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының І Дәрежелі Дипломы, «Шығармашыл, тәжірибелі ұстаз» төсбелгісі т.б. жетістіктерін атап айтуға болады. Үнемі алғы шептен көрінетін Ольга Суханбердықызы мектеп өміріне белсене араласып жүреді. Орыс тілі кафедрасының, партияның жетекшісі ретінде танылған. Мінберлерде ойын еркін айтып, ұжымды ынтымаққа ұйыстыра біледі. Ольга Суханбердықызының ерік-жігері, жұмысқа қабілеттілігі, ынтасы мен табандылығы ешуақытта ортаймаған.
Мұқтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқып, тіл үйреніп, өмірлік қағидасын мұратына айналдырған қарапайым жан — Аллашова Ольга Суханбердықызының қазақ отбасының тірегі, отанасы, жас ұрпақтың ұстазы болып жүруінің өзі бір ғанибет. «Отбасына қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» дегендей, Сәкен мен Ольганың өнегелі отбасында тәрбиеленген ұл-қыздары мектепті бітіріп, қалаған мамандық иелері атанып, өмірден өз орындарын тапты. Айгерім Түркістандағы ХҚТУ-дің Халықаралық қатынас факультетін бітірді, Назым юрист факультетінде оқып, бітірді. Байкен заң факультетінде 2-курста оқып жүр.
Менің тоғыз жыл бойы білім мен тәрбие беріп, жетекшілік еткен сыныбымдағы «егіз қозыларым» (осылай атаушы едім) да жоғары оқу орнын бітірді. Айман Алматыдағы Құрманғазы консервоториясына грантпен оқуға түсіп, оны төрт жыл бойы оқып бітірді. Арменияда өткен халықаралық «Маэстро» байқауына қатысып, жүлделі орын гран приді қанжығасына байлап қайтты. Бүгінде Айман Түркістан қаласындағы «Ақжайық» сазмектебінде музыкалық мамандығы бойынша еңбек етуде. Ал, Шолпан ХҚТУ-де Дінтану факультетін оқып бітірген. Шолпан өзімен сыныптас және ХҚТУ қабырғасында курстас болған Бақдаулетке тұрмысқа шығып, үйлену тойлары дүркіреп өтті. Бір жылдан соң, Әлинұр есімді нәресте дүниеге келді. Иә, сол шәкірттерімнің қуаныштарына мен де куә болып, Әлинұрды бесікке салу рәсімі маған бұйырды. Осы ретте тұрмысқа шыққан Назым қыздары да нәрестелі болды. Сәкен мен Ольганың шаңырақтарына құт-береке ұялап, құдандалы болып, өрістері кеңейіп, отбасының қуаныштары мен шаттықтары бақытқа ұласуда.
Үш тілді жетік меңгерген, бақытқа кенелген ұстаздың отбасына амандық пен бақ-береке, еңбегіне шығармашылық табыс тілеймін.
Несіпкүл ӨТЕБАЕВА.