Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.
Ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектеп салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру және т. б. мәселелер жалғасын тапты.
Ұлттық жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұлттық жоба әзірлеу барысында қоғам өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен талқыланып, барлық мүдделі мемлекеттік органмен пысықталды.
Ұлттық жоба бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады.
Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізілетін болады. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады.
Бүгінгі таңда жалпы 1368 бала қамтылып, 2-6 жастағы 98,4% 3-6 жастағы 99,4% құрады. Оның: 265-мемлекеттік,1051 жекеменшік , 52 -мектеп жанындағы шағын орталық. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың үлесінің 76,9% жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар құрайды. Жалпы 3450 бала, оның ішінде 2-6 жастағы 3298 бала, 3-6 жас аралығында 2260 бала кезекте тұр. 2019 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда көрсетілген мемлекеттік қызметтер (кезекке қою құжаттарды қабылдау, балабақшаға қабылдау, шығару және жолдама беру) меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан “Balabagsha.snation.kz” жүйесімен толық автоматтандырылған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдардағы бос орындарға мектеп жасына дейінгі балаларды қабылдау(кезекке қою, жолдама беру, құжаттарды қабылдау, балабақша қабылдау, шығару) ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 19 маусымдағы Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызмет көрсету №254 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға оң септігін тигізуде және мемлекеттік органдардың қатысуынсыз ата-аналар өздері таңдағана балабақшаға жолдама алуға мүмкіндігі бар.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп модернизацияланып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.
Дәл осы төртінші міндет бойынша, Түркістан облысында колледжге оқуға түсемін деген түлектер мен болашақ талапкерлерге үлкен мүмкіндік! Қазір облыста 87 мамандық бойынша, 24 мыңнан аса орынға қажеттілік анықталып отыр. Жастардың екі қолына бір күрек беріп, жұмыспен қамтамасыз ету үшін осы жылы Түркістан облысының колледждеріне 15300 грант бөлініп отыр. Кәсіптік және техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты бөлу бойынша облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жұмыс берушілердің талабына жауап бере алатын заманауи техникаларды меңгерген білікті мамандарды даярлау- бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Біздегі негізгі мақсат- NEET санаттағы жастардың санын азайту, оларды кәсіптік және техникалық біліммен қамтамасыз ету арқылы, білікті маман ретінде даярлау.Айта кететіні, арнайы орта оқу орындарында өткен жылы 13 мың оқу гранты бөлінсе, оның 11 мыңы ғана игерілген. Жиында осы мәселе жан-жақты талқыланып, мемлекеттік тапсырыстары қайта қаралды. Бұл ретте жұмыссыз жастардың да, талап-тілектері ескерілетін болады.