Қала әкімі М. Әйтенов бордақылау алаңында арнайы болып, шаруашылық басшысымен кездесті. Абай ауданына қарасты Алтынтөбе тұрғын алабындағы Алдоңғаров шаруашылығында 200 бас ірі қара мал мен 50 бас жылқы бордақылауға мүмкіндік бар. Шаруашылық құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінгі таңда 80%-ға жуығы аяқталған. Осыған орай, қала әкімі М. Әйтенов бордақылау алаңында арнайы болып, шаруашылық басшысымен кездесті.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта бордақылау алаңын бұдан әрі дамытуға бағытталған мүмкіндіктер туралы кеңестер айтылды. Биыл күзге дейін толық пайдалануға берілетін шаруашылықта заманауи талапқа сай арнайы қора жайлар, мал азығын сақтайтын қоймалар, жаздық қоралар мен 5 га жуық жоңышқа егіс алқабы қарастырылған. Бордақылау алаңының қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда маңызы зор. Сауда нысандарына әр тоқсан сайын, ал өндірушілерге 1 жылға баға бекітіліп отырады. Қала аумағында қазіргі таңда 100 бастан жоғары ірі қара мал бордақылауға арналған алаңдардың саны 30-дан асады. М.Дүйсенбекұлы алдағы уақытта қала халқын сапалы ет өнімдерімен қамтуда инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіп, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Айта кетсек, Шымкент — Қазақстанның республикалық маңызы бар қала қатарында болғанымен өзіндік агро-белдеуі бар ерекше аймақ. Осыған сәйкес, қала аумағында мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. 2022 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1 074,0 миллион теңге субсидия (393 өтінім) берілген болса, биыл бұл бағытқа жергілікті бюджеттен жалпы 1 071,8 миллион теңге қаржы қаралған. Қала аумағындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жалғасып келеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өткізген сүтінің құнын арзандатуға, мал басын көбейтуге, асылдандыруға, селекциялық жұмыстарға, құс еті мен жұмыртқа құнын арзандату, мал азығы құнын арзандату және тағы сол сияқты бағыттарға мемлекет тарапынан 350 миллион теңгеге жуық субсидия қаражаты төленді.