Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Оны үйрететін орта мектеп болса, үйретуші мұғалім. Ал бүгінгі күннің мұғалімі ол қоғам тәрбиешісі екенін қаперде ұстаған абзал. Биыл Түркістан облысындағы мектептер 100 пайыз бейнебақылаумен, және лицензиясы бар кәсіби күзет қызметімен қамтылады. Сонымен бірге бала саны 700-ден асатын 284 мектепке арнайы турникеттер орнатылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен білім саласына қолдау көрсету, балалардың қауіпсіздігін нығайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен үнемделген қаржы есебінен жалпы 6 млрд. теңге қаржы қаралды. Яғни, үнемделген қаржы есебінен ауқымды жұмыс атқарылады. Атап айтсақ, камера орнатуға, дабыл, турникетке, күзетке, қоршауға, әжетхананы ағымдағы жөндеуден өткізуге, кәріз жүйесін жөндеуге тиісті қаржы қаралып отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселелер жаға оқу жылына дейін толық шешілмек.
Облыста бала саны 300-ден жоғары 572 мектепті мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз ету қажеттігі бар. Бұл мәселе мектептердегі қарауыл штат бірліктерін ықшамдау арқылы үнемделген қаржы шегінде шешілмек. Сонымен бірге 38 мектептің жылу жүйесін газға өткізуге де қаржы қаралған.
Түркістан – еліміздегі ең демографиясы жоғары өңір. Биыл облыста 500 мыңнан астам оқушы білім алды. Мектептер саны 1000-ға жетті. Аймақта «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 63 мектеп салу жоспарланған.
Сонымен қатар 2023-2025 жыл аралығында облыста 100-ге жуық білім ордасы салынбақ. Түркістан облысында апатты, үш ауысымды және орын тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда өңірде «1 000 мектеп» бағдарламасымен жалпы 7 500 орынды 24 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 11 білім ұясы пайдалануға берілмек. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі.
Сонымен қатар, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2 050 орынды 9 мектептің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық шеңберін іске асыру мақсатында облыста 49 000 орынды 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2023 жылдың соңына дейін Түркістан облысында жалпы 20 мектепті (5 150 орын) пайдалануға берілу жоспарланып отыр. Еске сала кетсек, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша конкурстық рәсімдердің қорытындысы нәтижесінде 2024 жылы қолданысқа берілетін 28 мектептің ішіндегі 19 мектеп бойынша құрылыс компаниялары анықталған. Қыркүйек айына дейін 17 мектептің жұмыстары аяқталады. Ал, қалған 2 мектептің қаржысы келесі жылға өтпелі.