Бүгін Төлеби аудандық балалар көркемсурет мектебін бітірушілер шығармашылық жұмыстарын сәтті қорғап, куәлік және сертификат алды.
Көркемсурет мектебінің ауласында өткен куәлік тапсыру шарасына бірқатар қосымша білім беру педагогтары, биылғы бітірушілердің ата-аналары қатысып, жас түлектердің қуанышына ортақтасты. Ата-аналар көркемсурет мектебіне, балаларына бейнелеу өнерінің қыр-сырын танытқан, жетекшілік жасаған ұстаздарына алғыстарын білдірді.
Биыл аудандық көркемсурет мектебін 10 жас түлек бітірді. Олар аталған мектепте төрт жыл бойы педагог Хидиров Зафар Мамадәліұлынан қосымша білім ала отырып, түрлі облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындарға ие болды. Осы жылғы түлектердің 8-і шығармашылық жұмыстарын «өте жақсы» деген бағаға қорғады.
Суретшілер мекенінен балалар көркемсурет мектебінің іске қосылуы заңдылық дер едік. Бірінші Мамыр ауылдық округі аумағынан 1984 жылы ашылған мектепте алғашқы кезде 62 оқушы тәлім алған. Қырық жылға жуық қаншама талантты шәкірттерді тәрбиелеп, оларды сурет өнеріне баулып, қиялдарына қанат бітірген білім ошағында 15 мұғалім білім береді. Көркемсурет мектебінде 25 топ болса, онда 316 оқушы бар. Оқушылар стандартты жеті пән бойынша және көркемдік-эстетикалық тұрғыда тереңдетілген бағытта білім алады. Көркемсурет мектебінің директорының айтуынша, білім ошағы тәрбиеленушілердің рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелей отырып, олардың көркемдік және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыс істейді. Оқушылар кескіндемемен, графикамен сурет салып, ағаштан мүсін оюға үйренеді. Ұстаздар балалардың бейнелеу қабілеттерін, көркемдік талғамын, шығармашылық қиялын шыңдап, жас ерекшеліктеріне орай көркемсурет өнеріне шыңдайды. — Әкем суретке деген қабілетімді байқап осы мектепке алып келді.
Қазіргі уақытта түрлі бағытта сурет салуды үйреніп жатырмыз. Болашақта танымал суретші болып ата-анамның үмітін ақтағым келеді, — дейді жас суретші Арсен Ғазизұлы. Мектеп оқушылары халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып келеді. Сондай-ақ, мектеп көптеген оқушыларға шығармашылығын шыңдап, бейнелеу өнерінде жаңа білім алу алаңына айналды. Оқушылар көптеген плэнерге қатысып, білікті қылқалам шеберлерімен кездесіп, тәжірибе алмасуда. Көркемсурет мектебіне ЮНЕСКО-ның қазақстандық клубы мәртебесі берілген.