Қазір оқу жылы аяқталып, Сарыағаштық балалар көптен күткен жазғы каникулға шықты. Жазғы каникулда балалар үшін түрлі ойын-сауықтық бағдарламаларға негізделген лагерьлер жұмыстары жүргізілуде.
Ойын-сауықтық орындардың қауіпсіздігі басты орында екенін ескерсек, балалар үшін ұйымдастырылып жатқан барлық шаралар бақылауда болуы тиіс.
Осыған орай, Ташқұлақ елді мекенінде орналасқан «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагеріне тексеру жұмыстары жүргізілді.
Балалардың жазғы демалысын әсерлі, мәнді ұйымдастырудан бөлек, олардың қауіпсіз жағдайда демалуын қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Лагерьдегі қауіпсіздікті бірнеше органдар қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі орталықтардың санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеріп, арнайы қорытынды берілген. Одан кейін төтеншеліктер өрт қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл лагерьде балалардың суға шомылу қауіпсіздігі қарастырылған. Ал полиция органдары болса, сол жердегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Лагерьдегі барлық шаралар мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырылған.
Осы жылы жалпы 2000 баланы жазғы лагерге қатыстыру жоспарланған. Сарыағаш ауданы бойынша көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына «Балдаурен» лагеріне 270 тегін жолдама ұйымдастырылған. Барлық 5 маусымда 27 қызметкер және аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қызмет атқарады.
Балалар сауықтыру орталығының күнделікті өткізілетін іс-шара жоспарына сәйкес демалады. Балалар күнделікті 4 мезгілдік ыстық тамақпен қамтылған.10 күндік демалыс кестесіне сәйкес жоспар бекітіліп, сол негізде жас ерекшеліктеріне қарай балаларға арналған ойындар, ән-би, концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар жас ерекшеліктеріне қарай бассейнге шомылу уақыттары да бекітілген.