Қазір көпшілік арасында «балалар кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан, әрине біз бұл пікірге келіспейміз. Біз тек балаларды қызықтыра білуіміз керек. Балаларға кішкентайынан қызықты әңгімелер мен ертегілер оқып беруді әдетке айналдырсақ, олардың да оқуға деген ынтасы арта түседі. Демек, бала кітап оқу үшін, алдымен ата-ана кітап оқуы керек.
Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және шығармашылығын қолдау мақсатында , Отырар кітапханасының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет сарайында облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және республикалық «Ақылдым» журналының бастамасымен балаларға арналған «Ақылды балаға — сыйлыққа Ақылдым» атты акция-байқауы өткізілді.
Облыс орталығынан және аудандардан арнайы келген қонақтарды мәдениет сарайының өнерпаздары әсем әнмен қарсы алып, кітапхананың жанынан құрылған әжелер тобы ұлттық дәм ұсынды.
Ақын, сазгер, суретші Мәлік Әділхан ағамыз фойеге қойылған түрлі тақырыптағы туындыларын таныстырып, биыл туғанына 800 жыл толған Бейбарыс Сұлтанға арнап салған тарихи туындысы туралы әңгімелеп өтті.
«Балалар әдебиеті — даналық сарайы» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, Ақылдым журналының балаларға қызықты да қажетті ақпаратты бөлісіп, балалар шығармашылығын қолдайтын мазмұнды басылым екендігі айтылды. Сондай-ақ кітапханада балалардың жазғы демалысты көңілді өткізуі үшін » Жазғы демалысқа кітаппен» атты қызықтыру бағдарламасының жұмыс жоспары таныстырылды.
Бұл байқауға әр ауыл округтерінен 14 оқырман қатысты.
Аудандық мәдениет , тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Құттыбай Сағынтай Тәтібайұлы байқауды алғы сөзбен ашып, үміткерлерге сәттілік тілей келе аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың арнайы тілегін жеткізді.
3 кезеңнен тұратын бұл байқауда оқырман балалар «Ақылдым» журналымен қалай танысқаны туралы әңгімелеп, бұл басылымнан бұдан былай қандай ақпарат алғысы келетіні жайлы өздерінің тың идеяларын ұсынды. Сонымен қатар, балалар өздері шығарған қабырға газетінің мазмұнына тоқталып, өз қиялдарымен жазып шыққан ертегілерін көпшілік алдында қорғап шықты.
Байқауға «Ақылдым» журналы және «Қызмет» газетінің директоры Бейсенкүл Нарымбетова мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Дана Байдәулетова қазылық жасады.
Әділ қазылардың шешімі бойынша 3 кезеңде де байқау талаптарын ережеге сай орындаған Тұрдалы Сымбат Бас жүлдені иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды.
Сонымен қатар, Баянбай Ақерке І орын, Өсербек Рауан ІІ орын, Полатхан Кәусар ІІІ орын иеленді. Басқа үміткерлер алғыс хаттармен марапатталып, жеңімпаздар мен олардың жетекшілеріне және барлық қатысушыларға арнайы номинациялар мен сыйлықтар тапсырылды.
Байқауға демеушілік жасаған аудандық Мәслихат депутаты, кәсіпкер Асан Аралбай мырзаға арнайы алғысымызды білдіреміз!
Байқау жеңімпаздарын құттықтай отырып, мазмұнды да әсерлі өткен бұл байқаудан кейін кішкентай оқырмандарымыздың кітап оқуға деген ынтасы арта түседі деген сенімдеміз және кішкентай оқырмандарымызды «Ақылдым» журналымен дос болуға шақырамыз!