Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы лагерьге баруға асығады. Сарыағаш өңірінде балалардың демалысы қызықты өту үшін барлық жағдай жасалған. Аудан әкімі Арман Абдуллаев пен білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатовтың қатысуымен «Балдәурен» жазғы лагерінің ашылу салтанаты болып өтті.
Салтанатты кеш еліміздің әнұранымен басталды. Салтанатты кешті аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мен сауықтыру орталығының директоры өздерінің балаларға деген ыстық лебіздерін жеткізе отырып ашып берді. Балалар ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті.
Осы жылы жалпы 2000 баланы жазғы лагерге қатыстыру жоспарлануда. Сарыағаш ауданы бойынша көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына «Балдаурен» лагеріне 270 тегін жолдама ұйымдастырылған. Биылғы жылы балалар 5 маусым демалатын болады. Екінші маусымда 500 бала жазғы демалысын өткізуде. Барлық 5 маусымда 27 қызметкер және аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қызмет атқарады.
Балалар сауықтыру орталығының күнделікті өткізілетін іс-шара жоспарына сәйкес демалады. Балалар күнделікті 5 мезгілдік ыстық тамақпен қамтылған. Таңертең таңғы жаттығулар жасап, тәлімгерлер көмегімен әртүрлі ойындарға, үйірмелерге қатысады. Әртүрлі байқаулар, спорттық жарыстар, кешкісін балаларға арналған би кештері ұйымдастырылады.
Айта кетейік, облыста биылғы 2022-2023 оқу жылында 17 жазғы сауықтыру лагерлері (7 мемлекеттік, 10 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.
Осыған дейін, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл оқу жылын 3,7 млн.-нан астам оқушы аяқтайтынын айтты. Оның ішінде 11-сыныпты 172 мың түлек бітіреді. Биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 6,8 мың бала. Қорытынды емтихандар 9-сынып үшін 4 пән бойынша 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып үшін 5-19 маусым аралығында 5 пән бойынша өтеді.
Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10-сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн. бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы маусымға дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы 218 қала сыртындағы және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы бейінді және шатыр лагерьлер өз есігін айқара ашады.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, жазғы демалыс аясында балалар үшін мәдениет саласы бойынша 500-ден астам, спорт және туризм саласы бойынша 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ.
«Бірнеше күннен кейін кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек. Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», – деді Әлихан Смайылов.