Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен қаладағы ретсіз сауда орындарын жоюға қатысты арнайы жиын өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Қала көркі мен тәртібіне нұқсан келтіріп тұрған заңсыз сауда қатарларын ретке келтіру мақсатында әр ауданда жұмысшы топ құрамы бекітілген.
Мұндағы комиссия шешіміне сәйкес, рейдтік іс шаралар жүргізіліп, заңсыз нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Мұрат Дүйсенбекұлы аталған жиын барысында әр аудан бойынша ретсіз сауда орындарын болдырмау бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Мәселен, қала бойынша 1 500-ге жуық заңсыз сауда орындары анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес белгіленбеген орындарда ретсіз сауда жасаған тұлғаларға 1125 әкімшілік хаттама толтырылған.
Сондай-ақ, 200-ден аса кәсіпкерге айыппұл салынып, 5 миллионға жуық айып суммасы өндірілген. Нақтырақ айтсақ, заңсыз әрі ретсіз сауда қатары қаланың базарларында («Қырғы базар», «Жабық базар», «Авто Нұр», «Жібек жолы») жиі кездеседі. Сондықтан базар айналасындағы ретсіз сауда жасаған тұлғаларға аудан аумағында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелерде сауда жасауға ұсыныс берілуде. Сонымен қатар ескерту берілген азаматтарға алдағы уақытта базар ішінен сауда орындарын тауып жайғастыру бойынша жұмыстар жүргізілген.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос вакансиялардың арқасында тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғындар да бар. Ретсіз сауданы ретке келтіру мақсатында әлі де жұмыстар атқарыла бермек. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтау және абаттандыру үшін ең алдымен көшелердегі бей-берекет орналасқан сауда нүктелерін болдырмауды қол алып, тиісті шара көруді, барынша қаланың даму жолында жауапкершілік танытуды тапсырды.
Айта кетейік, Шымкентте сауда орындарында өрттің алдын алуға арналған оқу-жаттығуы өтті. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жасаған талдауға сәйкес, электр құралдарының техникалық пайдалану және монтаждау тәртібінің бұзылуы көп ретте өрттің шығуына себеп болған. Осыған байлынысты киімдер мен халық тұтынатын тауарларды сататын сауда орталықтарында болуы мүмкін өрттерді алдын алу үшін өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілуде. Жаттығу «Автонұр», «Шымкент Тұлпар», «Самал», «Алаш» базарларында өткізіліп, сауда қатарларында электр сымдарының тұйықталуынан орын алған шартты өртті сөндіру тәртібі пысықталды.