Созақ аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен А.Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінде семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңеске Түркістан облысы білім басқармасының «Кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру» бөлімінің бас маманы Еркін Бекжанов, Созақ аудандық білім бөлімінің әдіскері Әсет Өтжанов, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен әлеуметтік педагогтер қатысты.
Аталған іс-шараның басты мақсаты: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысында айқындалған әлеуметтік осал отбасы балаларының 2023 жылы материалдық көмек көрсету барысындағы білім беру ұйымдары басшылармен әлеуметтік педагогтердің іс-қимыл әрекеттерін түсіндіру.
Сонымен қатар, жиын барысында 2023-2024 оқу жылында жергілікті бюджеттен 1-4 сынып оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ берілетіні жөнінде айтылды. Және де ыстық тамақпен қамту, киім-кешек пен мектепке қажет заттарға қаржы беру мәселесіне қатысты жұмыс жүргізу реті мен заңдылықтары түсіндірілді.
Қатысушылар әлеуметтік сала бойынша маңызды сұрақтар қойып, мамандар тарапынан толық жауап алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-4 сынып оқушыларын мектепте тегін тамақпен қамту туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл бастамасы балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Жаңа оқу жылында облыс мектептеріндегі бастауыш сыныпта 200 мыңнан астам бала білім алады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде әлеуметтік осал топтағы отбасылардағы 31 577 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қалған 1-4 сыныптағы оқушылар тегін тамақпен қамту үшін облыстық мәслихаттың сессиясына ұсыныс жасалған.Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қолдауымен аталған мәселе бүгінде оң шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта облыстық бюджет есебінен 6 млрд. 287,7 млн. теңге қаржы бөлініп, өңірдегі бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылатын болды. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантатыны анық. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген.
Айта кетерлігі, оқушыларды ыстық тамақпен қамту осы жылдың соңына дейін қарастырылған. 2024 жылы қосымша қаржы бөлуге Адами әлеуетті дамыту басқармасы ұсыныс жасайды.