Түркістан облысы Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №33 Н. Шойынбаев атындағы жалпы орта мектебінің жанынан ашылған “Балдәурен” жазғы демалыс лагері өз жұмысын бастады. Бүгінгі «Қазақстан балалары-жазды қуанышқа толтырайық!» атты жазғы лагердің ашылуына мектебіміздің директоры Суранчиева Айнаш Таңсықбайқызы сөз сөйлеп, жазғы лагердің ережелерімен таныстырып өтті және бастауыш сынып оқушыларын демалыс кезіндегі бос уақытын тиімді пайдалануға және танымдық қабілеттерін дамытуға байланысты жұмыстар жүргізілетіндігін түсіндіріп айтып өтті.
Бастауыш сыныптарының балалары үшін бұл уақыт табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңейтіп, көзқарасы қалыптасып, үйренуге ықыласын арттыратын жылдың тамаша мегзілі.
Концерттік бағдарламадан кейін оқушылар спорттық жарыстарға қатысып, сергіту сәтімен қоса түрлі ойындар ойнатылды. Жазғы лагердің жұмысына сәттілік тілейміз!
Айта кетсек, 2022-2023 оқу жылында облыста 17 жазғы сауықтыру лагерлері қызмет көрсетіп, жалпы қала сыртындағы лагерлер – 41 597 баланы, мектеп жанындағы лагерлер – 153 000 баланы қамту жоспарланған.Лагерлерде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін, 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалатын болады. Бір баланың жазғы сауықтыру құны – 30 252 теңге. Сонымен қатар, «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылмақ. Сондай-ақ, мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын – 330 лагерь, 580 ойын-сауықтыру алаңшалары балалар үшін тегін қызмет көрсетеді. Ал қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетпек.
Сондай-ақ, «Самал» лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылының жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 170 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Ал, 1050 бала республикалық «Балдәурен», «Бөбек» оқу-сауықтыру лагерлерінде сауықтырылады. Түркістан облысында балалардың жазғы сауықтыруын ұйымдастыруға Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан мемлекет теңгеріміндегі «Самал» және «Отырар» жазғы сауықтыру лагерінде бір ауысымда 800 қосымша орын ашылады. Одан бөлек, Бәйдібек ауданда орналасқан «Тау Шыңы» демалыс аймағы жазғы сауықтыру лагері ретінде қосымша 150 орынмен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, Ордабасыдағы «Орленок» жазғы сауықтыру лагерінің де қайта ашылуы қарастырылып, 150 орындықты 1 жаңа лагерь балаларды қабылдамақ.