Төлеби аудандық білім бөлімінде «Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін арттыру – заманауи білім нәтижесіне қол жеткізудің кепілі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми қызметкерлерімен тәжірибе алмаса отырып, физика, математика және информатика пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш конференцияны Төлеби ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Тойлыбаев ашып берді. Конференцияға қатысушылар алдында аталған университеттің физика-математика факультетінің деканы А.Ибашова, информатика кафедрасының доценті Г.Нұрмұхамбетова, Қасқасу шағын жинақты жалпы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Б.Есмырзаев, магистранттар мен студенттер түрлі тақырып бойынша сөз сөйледі.
Конференция барысында STEM-білім беру негізінде ғылыми жобалар дайындау, оқушылардың білім сапасын тиімді әдіс арқылы көтеру, математика пәні бойынша олимпиадаға дайындау, физика пәні бойынша стандарт емес есептерді шығаруда MS Exsel және Macromedia Flash бағдарламаларын қолдану, физикадан эксперименттік есептерді шығарудағы AR және VR әдістері, математика сабақтарында цифрлық білім беру ресурстарын қолдану туралы айтылды.
Ойы жүйрік, ақылы терең, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім, шығармашылығы биік, кәсіби шеберлігі жетілген, ізденуші, зерттеуші, жасампаз жаңашыл ұстаз – бүгінгі қоғамның тапсырысы. Әр сабағын өздігінен білім меңгерудің, ізденіс пен жемісті еңбектің қайнар көзіне айналдырғанда ғана, талапқа сай мұғалім болу мәселесі шешіледі. «Сабақ беру — үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер», — дейді Жүсіпбек Аймауытов.
Заманауи білім берудің негізгі мақсаты: еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті, өз жұмысын жақсы меңгерген, жан — жағына бағыт — бағдармен қарайтын, әлемдік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмысқа, кәсіби өсуге, әлеуметтік — саяси оңтайлы тез әрекет жасауға, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті білікті маман, индустриалды — инновациялық жағдайды шешуге лайық, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, өз ойын еркін айта алатын, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған, шығармашыл, оңтайлы кәсіби маман дайындау.