Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Ғ.Мұратбаев атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде Ғани Мұратбаев есімі берілгеніне 50 жыл толуына орай «Кешегі, бүгінгі, ертеңгі» тақырыбында семинар кеңесі болып өтті.
Семинар мақсаты — 50 жылдық мектеп тарихындағы кезеңдерді болашақ ұрпаққа дәріптеу. Семинар кеңесіне Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы «Ғ. Мұратбаев» атындағы тарихи мемориалды мұражайынан арнайы құттықтау хат келді.
Семинар кеңес аясында үш кабинет демеушілер есебінен жабдықталып, ашылды. Мектептің ардагер ұстазы Садибекова Асылайымның атына мұғалімдер бөлмесі жабдықталып берілсе, мектеп кітапханасы бұрынғы кітапханашы, өмірден ерте өткен Рабиға Әлімбекованың атына беріліп демеуші есебінен жабдықталды.
Ардагер ұстаз Сахова Рабкүл апайдың атына бастауыш сынып кабинеті беріліп, ұрпақтарының демеушілігімен жабдықталды.
Сонымен бірге, кәсіпкер демеушілігімен жаңа үлгідегі мектеп рәміздерін осы мектептің түлегі, Алматы облысынан келген Медеубек Әлімбеков ағамыз тарту етті.
Аталған ауыл тумасы Өскемен қаласының тұрғыны зейнеттегі полковник Қайыпбергенов Серік ағамыз екі футбол командасына арнайы киімдер мен спорт жабдықтарын демеуші ретінде сыйға тартты.
Семинар барысында облыстық адами әлеуетті дамыту бөлімінен, облыстық кәсіподақ комитетінен, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің Алғыс хаттары беріліп, ұстаздар марапатталды.
Айта кетсек, Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, Коммунистік Жастар Интернационалы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, «Жас Алаш» газетінің тұңғыш редакторы, ағартушы-демократ, қоғам қайраткері – Ғани Мұратбаев өзі өмір сүрген уақыттың көшіне ілесе білген озық ойлы, намыс-жігерлі, қарапайым тұлғасымен, іскерлігімен соңына өшпейтін із қалдырған шығыстың жарық жұлдызы. Жалпы қоғамдық-саяси өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға белсене араласқан Ғани Мұратбаев ХХ ғасырдың басындағы ұлттық ояну мен жаңғыру идеяларына бой ұрған, ұлт мүддесін ойлап, өзінің халқына қалтқысыз қызметі арқылы халқын ағартушылыққа шақырған қайраткер ретінде танылған тұлға. Ғани Мұратбаевтың ар-ождан, рухани қасиеттерді санаға сіңіріп, жеке адамды қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайту, өркениетті деңгейге көтеру идеяларының мазмұны мен мағынасы бүгінгі күні де өзінің мәнін жоймай келеді.