Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 25 мамыр күні «Мақтаарал» мәдениет үйінде «Кемел келешек кілті – білімде» тақырыбында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және спорт саласы бойынша жеңімпаздарды марапаттауға арналған мерекелік іс-шар өткізілді.
Мерекелік шараға Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асанов, «Аманат» партиясының Мақтаарал аудандық филиалының төрағасы М.Сәрсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ш.Құрбанбаева, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы М.Оспанов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы М.Серікбаев, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Жолдасов, БАҚ өкілдері, мектеп басшылары, ұлағатты ұстаздар мен ата-аналар және оқушылар қатысты.
Салтанатты жиынды Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асанов пен келген қонақтар құттықтау сөздерімен ашып, жеңімпаз болған, жүлдегер болған оқушылар мен жетекші болған ұстаздарды, ата-аналарды құттықтап, толағай табыстарға кенеле берулеріне тілектес екендіктерін жеткізді.
Мерекелік шара барысында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Жолдасов жеңімпаз оқушылардың пән жетекшілеріне Ыстық көлдегі демалыс аймағына арналған тегін жолдамалардың сертификаттарын табыстады.
Айта кетейік, Түркістан облысында Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқау нәтижелері бойынша өткен жылмен салыстырғанда: Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша ХІІ зерттеу жобалары конкурсы нәтижелері 37%-ға, Халықаралық «Азия-Тынық мұхит» және «Жібек жолы» олимпиадасы 12%-ға, Республикалық жалпы пәндер бойынша олимпиада көрсеткіші 4%-ға өссе, Республикалық жаратылыстану — математикалық бағыт бойынша Президенттік олимпиадасы көрсеткіші: 27%-ға, Республикалық ғылыми жобалар байқауы 27%-ға және Республикалық «Зерде» зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары байқауы көрсеткіші 42%-ға артқан.