Созақ ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында «Оқуға құштар мектеп» жобасы оқу жылы бойында жүзеге асты.
Ұсынылған шығармалар бойынша бастауыш, орта, жоғары сынып оқушылары тест тапсырмалары, эссе, ауызша сұрақтар бойынша өз бақтарын сынады.
Баланы қазіргі кезеңдегі ұялы телефоннан алыстату үшін кітап, таптырмас құрал екендігін дәлелдеген жоба болды.
Мектеп оқушыларының 20 пайызынан астамы қатысқан бұл сайысқа жүлде ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен жасалды.
Мектеп бітірушілердің салтанатты жиынында 3 кезеңнен тұратын сайыс қорытындысы шығарылды. Бастауыш буыннан жеңімпаз 4-сынып оқушысы Мұратұлы Мирас, орта буыннан 5-сынып оқушысы Хабир Гаухар, жоғары буыннан 10-сынып оқушысы Әлі Мөлдір жүлдеге тігілген су жаңа велосипедті иеленді.
Жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесіне ата-аналар тарапынан да алғыс айтылды.
Айта кетсек, Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасу үшін кітап оқуға деген құштарлықтың әсері мол. Кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтау мақсатында әлемнің көптеген елдері OECD және IEA сынды халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысып, нәтижелерін қолданады. PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр. PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке орай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде.
Бұл – бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе.Сондықтан да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ол үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет. Біз осы мақсатта жағдай жасауға міндеттіміз.
Білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289. Саны, әрине, көңіл көншітерлік.
Оқу – біздің балаларымыздың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды.