Марапаттау шарасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасын іске асыру нәтижесінде пайда болған ерекше жобаға қатысып, дараланған 17 оқушыға Елбасы медалін табыс етуден басталды. Жиында облыстық пән олимпиадасының, ғылыми жоба конкурсының, басқа да байқаулардың жүлдегерлері мен оқушыларға жетекшілік жасаған ұстаздарға да марапат тапсырылды.
Айта кетсек, бүгінде өңірдің оқушылары бБелгілі жетістіктерге бүгінгі күннің өзінде қол жеткізген. Мысалы, білім алушылардың оқу жетістігін зерделеу тестінің қорытындысы бойынша оқушыларымыз бірден 4 орынға көтерілді. Бұл аймақтағы білім сапасының артылып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай прогреске республикалық және халықаралық білім конкурсының қатысушылары да қол жеткізді. Мысалы, жаратылыстану пәндері мен математика бойынша Президенттік олимпиадада Түркістандық команда ең үздік 5-тікке кіріп, өз нәтижелерін өткен жылмен салыстырғанда 30 %-ке көтерді.
XVIII Республикалық “Зерде” сайысының ғылыми-зерттеу мен шығармашылық жұмыстары бойынша облысымыздың 12 оқушысы жеңімпаз атанып, көрсеткішті 42%-ке жақсартты. Сондай ақ, О.Жолдасбеков атындағы халықаралық математика мен механика пәндері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының конкурсына 7 қатысушыдан 4-уі жеңімпаз атанды.
“Азия-Тынық мұхиті регионы” мен “Жібек жолы” халықаралық математика бойынша олимпиадалар қорытындысында Түркістан облысы өз көрсеткіштерін 12%-ға арттырды. Республикалық математика және жаратылыстану пәндері олимпиадасы бойынша 9%-ке. Ал республикалық жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми зерттеу сайыстарының нәтижесі бойынша 19 жеңімпаз атанып, сапа өткен жылмен салыстырғанда 27%-ке көтерілді”.