Қ.Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінде 9-11 сынып оқушылары арасында сөз шеберлерінің аймақтық жарысы өтті. Аталған сайысқа Сызған аймағының «Ғ.Мұратбаев» атындағы жалпы орта мектебі, «А.С.Макаренко» атындағы жалпы орта мектебі және «Қ.Рүстемов» атындағы жалпы орта мектептерінен 4 фракция қатысты. Жолдастық кездесу форматында ұйымдастырылған турнир өте жоғарғы деңгейде өтті. Турнирдің жоғары деңгейде өтуі сайыс қарарларының өте ұтымды таңдалғандығы, оқушылардың тыңғылықты дайындығы, жетекшілердің сапалы жұмысы, төрешінің әділ шешімдері дәлел.
Жоғарғы дәрежеде төрешілік жасаған Созақ ауданы дебат клубының бас кординаторы Жүрсін Жұмабаевқа үлкен рахмет! Жарыс соңында жас дебатшыларды дайындаған жетекшілеріне алғыс айтылып, жүлде алған оқушылар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломмен марапатталды.
Айта кетсек, дебат — мақсатты, ретке келтірілген көзқарас, пікір мен идея алмасу. Әлемдік тәжірибеде жастардың дебат қозғалысы ерекше әлеуметтік құбылыс саналады. Халықаралық мектеп лигасы дебат қауымдастығына 50 ел кіреді. Дебат саясат, бизнес, әлеуметтік қызмет, білім беру, психология және тағы басқа салаларда қолданылады.
Жоғарғы сыныптың оқушылары арасында дебат өткізудің ең көп таралған форматтарының бірі — 1993 жылы «Ашық қоғам» институты құрған Карл Поппер атындағы дебат. Тұлғаны жан-жақты дамыту мен ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында Францияда және басқа еуропалық елдерде балалар мен жастар арасындағы дебат кеңінен қолданылады. Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия және тағы басқа елдердің оқу орындарында ашық қоғамда белсенді азамат қалыптастыру мақсатында «Дебат» бағдарламалары құрылған. Дебат Қазақстанда гуманитарлық білімді жаңарту мен өзгерту мақсатында 1996 жылғы сәуірде «Сорос-Қазақстан» қорымен басталды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің қазақстандық педагогтар арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесінде оқушылардың адамдармен қарым-қатынас жасауында, байланыс орнатуында кінәрат бары анықталды. Дебатқа қатысушылардың 69%-ының коммуникатив құзыреттілік деңгейі, атап айтқанда, танымдық және мотивациялық компоненттері жеткіліксіз деңгейде болса, 29%-ында орташа және тек 2%-ында ғана жоғары екені байқалған. Жоғарғы сынып оқушыларының 19%-ында ғана адамдармен тез қарым-қатынас орнату қабілеті болған.
Қазіргі уақытта мектепішілік дебат қозғалысын дамыту — өзекті мәселе. Себебі оқушылардың бойында саяси мәдениетті, өз әрекеті үшін өзі және қоғам алдында жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет.