«Арыс қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің әдістемелік кабинетінің жылдық жұмыс жоспарын жүзеге асыру, дарынды білім алушыларды анықтау мақсатында 2023 жылдың 16 мамырдағы №208 бұйрығына сәйкес №1 Е.Молдабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің базасында 2-4 сыныптар білім алушылары арасында «Бастау» XVI Республикалық математикалық турнирінің қалалық кезеңі өткізілді.
Турнирдің қалалық кезеңін өткізудің ережесі мен әділ қазылар алқасының құрамы бекітіліп, «Бастау» XVI Республикалық математикалық турнирін өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалынды.
Математикалық турнирдің қалалық кезеңіне бөлімге қарасты 14 жалпы орта, 3 бастауыш мектептерінен – 41 бастауыш сынып білім алушылары қатысты. «Бастау» XVI Республикалық математикалық турнирі 2 кезеңнен өтілді. Білім алушылар турнирдің 1-кезеңінде «Бәйге» тапсырмалары, ІІ-кезеңінде логикалық есептерді шешті.
Қалалық турнирде білімдерін жан-жақты көрсетіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған дарынды М.Әуезов атындағы гимназия мектебінің 2 сынып оқушысы Шералы Дінислам, 4 сынып оқушысы Есжан Ерсұлтан, В.Комаров атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 2 сынып оқушысы Расылбек Раяна, 3 сынып оқушысы Усманова Сабрина, 4 сынып оқушысы Қойлыбай Мансұр, Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 3 сынып оқушысы Мергенбай Нұрислам жүлделі I- орындарды иеленіп, турнирдің облыстық кезеңіне жолдама алды.
Айта кетсек, Республикалық кезеңге әр өңірден облыстық кезеңде 1 орын алған екі команда (бір команда — қазақ тілінде, екінші команда — орыс тілінде) қатыса алады.
Турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептерінен» ДББҰ, Республикалық физика-математика мектептерінен және жеке меншік мектептердің республикалық қауымдастығынан командалар қатысады. Әр команда үш оқушыдан болуы тиіс. Мәселен: 4 сыныптан — 1 оқушы, 3 сыныптан — 1 оқушы, 2 сыныптан — 1 оқушы.
Турнирдің республикалық кезеңі үш тур бойынша өтеді:
1 тур – «Әу, баста!» (командалық сынақ)
2 тур – «Асық» (командалық сынақ)
3 тур – «Математикалық бәйге» (жеке сынақ).
Командалық және жеке сынақтар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.