Жақында Бәйдібек ауданы, Т.Қазақбаев атындағы жалпы орта мектебінде 4-10 сынып оқушылары арасында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» байқауының аудандық кезеңі өтті.
Байқау мақсаты, білім алушыларға ғылым мен техниканың әр түрлі өнертапқыштық, зерттеу жұмыстарына тарту, талантты балаларға қолдау көрсету, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру.
Өз кезегінде оқушылар мына төмендегі бағыттар бойынша сынға түстіп, өздерінің зерттеу жұмыстарымен бөлісті.
— автокөліктің қолданыстағы модельдерін әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру,
— өндіріс саласындағы техникалық құрастыру,
— ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру,
— әскери техника саласындағы техникалық құрастыру,
— су көлік саласындағы техникалық құрастыру,
— құрылыс саласындағы модельдер,
— жылу энергетикасы, электр энергетикасы, баламалы энергетика саласындағы модельдер,
— авиация саласындағы модельдер,
— космонавтика және аэрокосмос техникасы саласындағы модельдер,
— компьютерлік графика және 3D модельдеу.
Қазылар алкасы оқушылардың зерттеу жобаларына жоғары баға беріп, балаларға техникалық модельдеу бағыттағы жұмыстарын жалғастыруды ұсынды.
Жоғары нәтиже керсеткен М.Әуезов атындағы ІТ мектеп лицейі, Шаян көпсалалы лицей, Досан, Абай, Жамбыл, Жиенқұм, С.Ерубаев, Ғ.Мұратбаев, Мыңбұлақ, Т.Қазақбаев, Қосбұлақ, Теректі жалпы орта мектептерінің оқушылары жүлделі орындардан көрініп, мадақтамалармен марапатталды.
Айта кетсек, Түркістан өңірінде оқушылардың өнертапқыш саласында жетістігі көп. Мәселен былтыр, Келес ауданындағы №13 колледж мұғалімдері мен оқушылары қолдан көлік құрастырған еді. Авторлары бұл көлікті «Avtopicnik» деп атаған. Ол табиғат аясына демалысқа шығуға өте қолайлы. Шағын көлікпен жүк тасымалдауға да болады. Сондай-ақ, көлікте үлкен үстел мен орындықтар, тіпті шатыр да бар. Оларды қажет болғанда құрып, ал жүк салатын кезде жинап қоюға болады.
«Бұл көлікті бірнеше мақсатта жасадық. Демалысқа арналған көлігіміз сәтті шығып, «World skills» чемпионатында жүлдеге ие болдық», — дейді жоба жетекшісі Бахтияр Дустанов.Айта кетейік, осыған дейін де аталған колледж ұжымы жанар-жағар майсыз, электр қуатымен қозғалатын көлік құрап шыққан.