Қазақстанның барлық өңірінен нағыз талантты, дарынды оқушылар қатысты. Түркістан облысының оқушылары республикалық «Ілияс оқулары» байқауында топ жарды. Жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауыныңреспубликалық кезеңі онлайн режимде өтті. Жетісу облысының білім басқармасының «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен білімділер сайысында оқушылар 3 бағыт бойынша бақ сынасты. «Ілияс – қазақ поэзиясының жыр құлагері» атты бірінші бағыт бойынша қатысушылар Ілияс Жансүгіровтың бір өлеңін және «Құлагер» поэмасынан бір үзіндісін жатқа айтса, «Ұлы тұлғаға арнау» атты екінші бағыт бойынша шәкірттер ақынға арнап шығарма жазды. Үшінші бағыт – «Ілияс – қарасөз шебері» деп аталып, қатысушылар қаламгердің прозалық немесе драмалық шығармаларынан үзінді мәнерлеп оқудан жарысты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Ілияс оқулары» байқауының республикалық кезеңіне Қазақстанның барлық өңірінен нағыз талантты, дарынды оқушылар қатысты. Байқауға Түркістан облысы атынан 3 оқушы қатысып, нәтижесінде республикалық кезеңінде топ жарып, 3 бағыт бойынша жүлделі орындарды иеленді. Білімділер сайысында бас жүлдені Түлкібас ауданының 10-сынып оқушысы Сағындық Сұлтан қанжығасына байлады. II орынды созақтық 9-сынып оқушысы Бабайхан Дастан жеңіп алса, жүлделі ІІІ орынды Түлкібас ауданының 8-сынып оқушысы Жайықбек Эльдана жеңіп алды.
Жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауының қорытынды республикалық кезеңі онлайн режимде өтті.
Конкурс мақсаттары мен міндеттері:
– жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында Ілияс Жансүгіров шығармаларын насихаттау;
– жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындарын анықтау;
– оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіретін жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Ілиястың прозалық, драматургиялық шығармаларымен және ғылыми зерттеулерімен танысып, ол туралы өз ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуге дағдыландыру;
– жас ақындарға әлеуметтік — рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.
Қолынан қаламын бір сәт тастамаған Ілияс қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Ілиястың ақындық қуатын байқаған қатарласы Бейімбет Майлин өлең жазуды біржола қойып, қара сөзге бет бұрыпты деседі.
Ілиястың Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде былай жазады: «Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым». Абайдың алғаш баспа бетін көрген кітабын қолға түсіріп, күндіз-түні қолынан тастамаған.
«Ілияс оқулары» байқауының Республикалық кезеңінен топ жарып ,оза шапқан шәкірттерді жеңісімен құттықтаймыз!