Мақтаарал аудандық білім бөліміне қарасты «Болашақ» жалпы орта мектебінде бастауыш сынып педагогтерінің қатысуымен «Оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинар мақсаты: Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыратын тиімді әдіс-тәсілдерді анықтау және оқыту процесінде қолдану.
Сабақ үрдісінде пәнді меңгертудегі тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, пән мұғалімдері бағдарламаға сай оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында сабақ жоспарларын ұсынды.
Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда, функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.
Семинар соңында келген қонақтар ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыстарын білдіріп, жұмыс күндеріне сәттілік тіледі.
Мектептегі басты тұлға — мүғалім десек, бала өмірінде мұғалім ерекше роль атқарады. Оқушылардың білімді де, білікті, парасат пайымы мол, саналы да сабырлы азамат боп жетілуі, тәлім мен тәрбие беретін мұғалімге тікелей байланысты болмақ. Егер бала мұғалімді жақсы көрсе, онда ол оқуды да, мектепті де жақсы көреді. Мұны мұғалімнің беделі деп түсінуіміз керек. Мұғалімге артылатын сенім жүгі соншалық ауыр дей отыра, сонымен қатар оның ұлағатты ұлы жол екенін естен шығарып алмаған жөн.
Демек, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкіртінің жанына құятын ұстазды ғана бүгінгі күннің лайықты тұлғасы деуге болады.
Ұстаздардың келешектегі мақсаты – рухани жан дүниесі бай, жан-жақты жетіле дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.
Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту мен қалыптастыру мәселесі Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытовтардың шығармаларының негізгі арқауы болған. Әсіресе ұлы ғұлама Абайдың еңбектерінде адам бойындағы негізгі қасиеттер: қайрат, ақыл, жүректің сапалық деңгейіне қарай және олардаң өзара қатынасына байланысты қалыптасатын «Толық адамды», ол, түсіндіріп айтқанда білімді, адамгершілігі жоғары, парасатты жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеп жетілдіру мақсаты көзделеді.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету –қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.