Жылдағы дәстүрге сай, 17 мамыр күні Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде 8-11 сынып оқушылары арасында аудандық «Абай оқуларының» аудандық кезеңі өткізілді.
Негізгі мақсат — қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады.
Айта кетсек, І. Абай оқулары 6 номинация бойынша өткізіледі:
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы – Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурсы. Қазылар алқасы бұл номинацияда оқушы жатқа білетін Абай шығармаларының санына байланысты бағалайды.
«Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша Абай қарасөздерін жатқа, мәнерлеп оқу. Бұл номинация бойынша Абай қарасөздерін толық білуі бойынша бағаланады.
«Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» номинациясы бойынша Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу. Бұл номинация бойынша шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлеп айтуы, толық білуі бойынша бағаланады.
«Көңілім әнді ұғады» номинациясы – оқушының Абай және Шәкәрім әндері мен күйлерін орындау шеберлігі бағаланады.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы –оқушылардың өз шығармалары (поэзиялық) бағаланады.
«Ұлылар әлемі» Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына, рухани болмысына қатысты тақырыпқа (ұсынылған тақырыптардан таңдау) эссе жазу.
Қатысушының теориялық білімін, шығармашылық қабілетін тексеру мақсатында эссе жұмысы бойынша арнайы 3 тақырып ұсынылады. Оқушы бір тақырыпты таңдап 1 сағат 30 минут көлемінде эссе жазып тапсырады.
Байқауға жалпы білім беру ұйымдарынан 81 оқушы қатысты. 6 номинация бойынша өткізілген байқауда Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурсы, Абай қара сөздерін жатқа, мәнерлеп оқу, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу сонымен қатар, Абай және Шәкәрім әндері мен күйлерін орындау шеберлігі бойынша бақ сынасты. Сондай-ақ, оқушылар өз шығармаларын ұсынды. Бұдан бөлек, «Ұлылар әлемі» тақырынбында эссе жазды.
Байқау қорытындысы бойынша аудандық кезеңнің жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Мектеп оқушылары арасында Абай және Шәкәрім шығармашылығы арқылы ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатындағы жұмыстар өз жалғасын таба бермек.
Дүбірлі додада үздіктер арасынан суырылып алға шыққан жеңімпаз 6 оқушының аудан абыройын асқақтататынына сенім мол.