Бәйдібек ауданы, Майбұлақ жалпы орта мектебінде «Дебат дамудың іргетасы» тақырыбында аудандық семинар өтіп,»Дебат кабинеті» ашылды.
Мақсаты: Оқушылардың ой өрісін дамыту, қоғамдағы білім беру мәселелері, білім ресурсы туралы ақпараттық тұрғыда ой қозғау. Сөз шеберлігін, өз пікірін анық айтып, дәлелдеме келтіру қабілеттерін дамыту.
Семинарда дебат жетекшілерінің арасында ойындар, іс-әрекеттер орындалды. Ойын барысында қоғамдық мәселелерді қозғап, шешу жолдарын тілге тиек етті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деп, үздік деп танылған Қаратау, Абай, Теректі, Бәйменов жалпы орта мектептерінің дебат жетекшілері жеңімпаз атанып, сыйлықтармен марапатталды.
Дебат — мақсатты, ретке келтірілген көзқарас, пікір мен идея алмасу. Әлемдік тәжірибеде жастардың дебат қозғалысы ерекше әлеуметтік құбылыс саналады. Халықаралық мектеп лигасы дебат қауымдастығына 50 ел кіреді. Дебат саясат, бизнес, әлеуметтік қызмет, білім беру, психология және тағы басқа салаларда қолданылады.
Жоғарғы сыныптың оқушылары арасында дебат өткізудің ең көп таралған форматтарының бірі — 1993 жылы «Ашық қоғам» институты құрған Карл Поппер атындағы дебат. Тұлғаны жан-жақты дамыту мен ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында Францияда және басқа еуропалық елдерде балалар мен жастар арасындағы дебат кеңінен қолданылады. Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия және тағы басқа елдердің оқу орындарында ашық қоғамда белсенді азамат қалыптастыру мақсатында «Дебат» бағдарламалары құрылған. Дебат Қазақстанда гуманитарлық білімді жаңарту мен өзгерту мақсатында 1996 жылғы сәуірде «Сорос-Қазақстан» қорымен басталды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің қазақстандық педагогтар арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесінде оқушылардың адамдармен қарым-қатынас жасауында, байланыс орнатуында кінәрат бары анықталды. Дебатқа қатысушылардың 69%-ының коммуникатив құзыреттілік деңгейі, атап айтқанда, танымдық және мотивациялық компоненттері жеткіліксіз деңгейде болса, 29%-ында орташа және тек 2%-ында ғана жоғары екені байқалған. Жоғарғы сынып оқушыларының 19%-ында ғана адамдармен тез қарым-қатынас орнату қабілеті болған.
Қазіргі уақытта мектепішілік дебат қозғалысын дамыту — өзекті мәселе. Себебі оқушылардың бойында саяси мәдениетті, өз әрекеті үшін өзі және қоғам алдында жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет.