Бүгін “Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы” және «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің ұйымдастыруымен “ М.Шоқай атындағы № 24 жалпы орта мектеп” базасында 3-4 cыныптар арасындағы «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтуде.
Олимпиаданың мақсаты – мектеп оқушыларының жоғары деңгейдегі олимпиадаларға дайындығын жақсарту және пән бойынша ерекше қабілетті балаларды анықтау, олимпиада резервін қалыптастыру.
Білім додасына 17 ауданнан 169 бала қатысуда. Айта кетейік, олимпиадаға қатысу шарттары мен өткізілу тәртібі бойынша бұл олимпиада алдын ала дайындалған жоспар бойынша өткізіледі. Олимпиаданың өткізу тәртібін Ұйымдастырушылар бекітеді. . Олимпиаданың мектепішілік кезеңіне қатысу үшін 2022 жылдың 20 ақпан сағ 19.00 дейін өтінім жіберуі керек. Бұл кезеңге мектептегі 3-ші және 4-шы әр сыныптан (3«А», 3«Ә», 3«Б») 5-8 оқушыға дейін қатыса алады. Олимпиада 2 кезеңнен тұрады: І кезең – мектепішілік. Мектептерден келген сұраныс негізінде «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі орналасқан өңірлерде жергілікті мектептермен уақытын келісе отырып, офлайн өткізеді.
Олимпиаданың тапсырмалары жалпы екі бөлімнен тұрады. Берілетін уақыт — 60 минут, осы уақыт аралығында әр бөлімдегі тапсырмаларды орындау арқылы қатысушы 100 ұпай жинауы қажет.
Бірінші бөлім. Тест жұмысы, 10 есеп беріледі, әр дұрыс жауапқа 5 ұпай, жалпы ұпай саны 50 .
Екінші бөлім. Бос орынды толықтыру, 10 есеп беріледі, мұнда оқушылар тек жауаптарын толтырады. Әр дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі, жалпы ұпай саны 50.
Мектепішілік кезеңнен жоғары ұпай жинаған оқушылар қалалық немесе облыстық кезеңге жолданады.
Жеңімпаздар саны әр мектептен 4 оқушы, яғни 3 сыныптан — 2 оқушы, 4 сыныптан — 2 оқушы.
Ал өңірлік кезеңде олимпиаданың тапсырмалары жалпы үш бөлімнен тұрады. Берілетін уақыт — 100 минут, осы уақыт аралығында әр бөлімдегі тапсырмаларды орындау арқылы қатысушы 100 ұпай жинауы қажет.
Бірінші бөлім. Тест жұмысы, 10 есеп беріледі, әр дұрыс жауапқа 4 ұпай, жалпы ұпай саны 40.
Екінші бөлім. Бос орынды толықтыру, 10 есеп беріледі, мұнда оқушылар тек жауаптарын толтырады. Әр дұрыс жауапқа 4 ұпай беріледі, жалпы ұпай саны 40.
Үшінші бөлім. Шешу, дәлелдеу, есептеу. Бұл кезеңде қатысушыларға 2 есеп беріледі. Әр дұрыс жауап 10 ұпаймен есептеледі, жалпы ұпай саны 20.