11 мамыр күні Түркістан қаласы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Төрежанованың бастамасы бойынша, марапат алатын қалалық кәсіподақ активіне марапаттар облыстық әкімшілік ғимаратының «Б» корпусындағы Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің кабинетінде жүргізілді.
Жиында «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасының орынбасары А.Абуов Түркістан қалалық кәсіподақ ұйымы активіне «Мәртебе» білім және ғылымның салалық кәсіптік одағы» ҚБ «Құрмет грамотасын, Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төс белгілері мен Құрмет грамоталарын, Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитетінің бірлескен Құрмет грамотасы мен қалалық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарын табыстады.
А.Абуов облыстық кәсіподақ комитетінің соңғы уақытта атқарылған жұмыстары туралы кәсіподақ активіне ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
«Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі». Мұны Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев өткен ғасырда айтқан. Содан бері қанша уақыт өтсе де, бұл асыл сөз өз құндылығын жоғалтпады. – Мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді жауап бере аламын. Сөзімнің дәлелі – биыл күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтің ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді. Заңда педагогтің әдебі, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, педагогті материалдық және материалдық емес қамтамасыз ету, т.б. мәселелер қамтылған.
Бірінші, материалдық емес ынталандыруға тоқталайын. Педагогтің аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Бұл атаққа ие болған педагог республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Сонымен қатар Заңға сәйкес педагог білімін жетілдіріп отыруға, қайта даярлау курстарынан өтуге, біліктілігін мерзімінен бұрын көтеруіне болады.
Екіншіден, Заңда педагогті материалдық ынталандыру көзделген. Заң аясында педагогтерге адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады. Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді.
Айта кетсек, аталған шараға облыстық және қалалық кәсіподақ комитеттерінің мамандары Б.Қилыбай, Ә.Мақұлбекова, Ф. Дадабаев қатысты.