Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының жылдық жоспарына сәйкес 23 мамыр күні Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты «Зерек бала» ЖШС балабақша базасында «Мектеп жасына дейінгі баланың танымдық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын дамыту» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар өтті.
Семинардың басты мақсаты — түрлі оқыту бағытында заманауи тиімді әдістерді қолдана отырып, тәрбиеленушілердің танымдық, зияткерлік, шығармашылық зерттеу іс-әрекеттерін дамыту. Алға қойылған міндеттер қазақ халқының ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрлерін, отбасылық құндылықтарды бала бойында қалыптастыру.
Баланың танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында тәрбиелеу, оқыту шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттаумен байланысты екені белгілі. Сондықтан, ұшқыр ойлы, шығармашыл белсенді ойлай білетін, ойын іске асыруға қабілетті дара тұлғаны тәрбиелеп, қоғамдық ортада қалыптастыру — тәрбиешінің басты міндеті.
Мектеп жасына дейінгі білім беру әдістемесінде балалардың зияткерлік-танымдық белсенділігін дамытудың әртүрлі әдістері мен тәсілдері бар. Дегенмен, бала ақыл-ойының дамуына арналған, соның ішінде математикалық, зияткерлік-танымдық белсенділігін дамытуда ең маңызды деген әдістерді бір қалыпқа келтіріп, қалыптастыру мектеп жасына дейінгі білім беру барысында әр педагогтың кәсіби шеберлігіне байланысты деп ойлаймын. Венгер психологы, әрі математигі Золтан Дьенеш ойлап тапқан логикалық блоктар – баланың кіші жастан бастап зияткерлік-танымдық белсенділігін дамыту және оның ойлау қабілеттерін математиканы меңгеруге дайындауда өте тиімді әдістеме болып табылады. Әдістемелік және ғылыми-танымал әдебиеттерде бұл әдістерді әртүрлі атаулармен кездестіруге болады, атап айтсақ: «логикалық пішіндер», «логикалық текшелер», «логикалық блоктар» т.б. Бірақ осы атаулардың әрқайсысында логикалық ойлауды дамыту бағыты айқын берілген.Балаларды блоктар арқылы ойната отырып, оларға нысандардың түсін, пішінін, көлемі мен қалыңдығын көрсете отырып, ажыратуға үйретуде, қарапайым математикалық ұғымдарды меңгертуде таптырмас құрал. Ол балалардың ойлау әрекеттерін, логикалық ойлау, шығармашылық қабілеттерін және зияткерлік-танымдық қабілеттерін жетілдіреді. Дьенештың блоктарымен ойнай отырып, бала әртүрлі заттық әрекеттер жасайды.
Семинарда педагог пен балалардың және ата-аналардың бірлескен іс-әрекетінде тақырыптың ашылуы айрықша көрініс тапты.
Бағдарлама аясында ұйымдастырылған семинар жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, педагогтер үшін мазмұнды, мағыналы тәжірибе алмасу болды.
Айта кетейік, «Зерек бала» ЖШС-тегі балабақшасы стандарт талабына сай, заманауи технологиямен жабдықталған. Педагогтер мен тәрбиеленушілер үшін толық қолайлы жағдай жасалған.
Қазіргі заман талабы – білімді, саналы, мәдениетті, адамгершілігі мол, қоғамда өз орын таба білетін тұлға қалыптастыру. Тұлға мәселесі қай уақытта да өзінің сан қырлы жақтарымен қоғамның күн тәртібінен түскен емес.
Осы сұранысқа сай баланың зияткерлік-танымдық белсенділігін дамыту үшін тәрбиелеудің, оқытудың жаңа ақпараттық технологиясын пайдалану өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.