Жанар май құйып, матордың майын тексеру деген жұмыс мүлдем жоқ. Түркістан облысында колледж ұстаздары ескі көліктен электромобиль құрастырды. Бәйдібек ауданында орналасқан 19-колледж ұстаздары «Тiko» маркалы көліктің құрылымын өзгертіп, электромобиль жасап шығарды. Олар моторын алып тастап, орнына электр қуатынан күш алатын құрылғы орнатты. Қазір көлік жүріп тұр. Кілтті бұрап іске қосқанда дыбыссыз оталады. Ал жанар май құйып, матордың майын тексеру деген жұмыс мүлдем жоқ. «Шымкентте электрлі мотоциклдермен қыш таситындар бар екен. Солармен байланысып, құрылымын көріп алдық.
Сондан өзіміз құрастыруға кірістік. Бұл жұмыстарды колледждегі бірнеше ұстаз бірігіп жасадық. Мәселен, автоэлектрик сымдарын жалғаса, автомеханик жігіттер моторын ауыстырды. Бар мақсатымыз «WORLDSKILLS TURKISTAN-2023» байқауынан жүлде алу еді. Жасаған жұмысымыз нәтиже берді. Байқаудан жүлделі орын алдық», — дейді ұстаз Абзал Құлмаханов.
Электромобильді қуаттау қиындық тудырмайды. 220 ВТ-тық үйдегі токпен-ақ энергиямен толтырып алуға болады. Аккумулятолар көліктің соңғы орындықтарына орналастырылған. Әрбір қуат күшімен 4-5 сағат бойы жүруге мүмкіндік бар. «Күзде басталған құрастыру жұмыстары көктемде аяқталды. Бұл жұмыстарға Айдар Бейімбетов, Абзал Құлмаханов, Қайрат Рахымбеков, Қанат Әуезхан және өзге де әріптестеріміз өз үлестерін қосты. Баршамыз бірігіп жасадық», — дейді аға шебер Бауыржан Әуелбеков.
Колледж ұстаздары «АЗЛК» маркалы «Москвичтің» құрылымын да өзгертіп, жол талғамайтын көлік етіп шығарған. Бір көргенде әскери «джип» секілді көрінеді. Ол да жүріп тұр. Бұдан бөлек, қолдан трактор құрастырып, оған су тартуға арналған моторды қойған. Қозғалтқышы ГАЗ-51 жүк көлігінен алынған. Мұның да кузовын ұстаздар қолдан жасаған. «Қазір мектеп мұғалімдері колледж студенттеріне өздері құрастырған көліктермен тәжірибелік сабақтар өткізеді. Одан бөлек, жастарды заманауи көлік құрастыру ісіне баулып жатыр», — дейді колледж директоры Айдарбек Ильясов.