Түркістан қаласындағы «Керемет» бастауыш мектеп-балабақша кешенінде балалардың мектептегі өмірімен жақынырақ таныстыру, оқу-тәрбие жұмысын жан-жақты бақылау және мектептегі іс-шараларға белсене араласуға тарту, мектеп және ата-ана байланысын жүйелі жолға қойып, ынтымақтастықты нығайту мақсатында, ата-аналарға арналған «Ашық есік» күні өткізілді.
Шақырылған ата-аналар бағдарламаға сәйкес іс-шараның барлық түріне, ашық сабақтарға, шебер сынып сағаттарына қатысып, оқу процесімен жақын танысты. Ұйымдастыру кезеңінде келген қонақтарымызды қарсы алып, буклеттер таратудан, тіркеуден басталып, мектебіміздің тыныс-тіршілігіне арналған «Үлгілі дәптерлер», «Оқуға құштар мектеп», «Қолөнер», «Бейнелеу өнері» атты көрмелермен қамтылды. Көрмеге мектебіміздегі барлық пәндер бойынша көркем, таза жазатын үлгілі дәптерлер, әдемілеп сызған оқушылардың суреттері қойылды. Балаларының мектептегі өмірімен жақынырақ танысуға ата-аналармен бірге әжелер де қызығушылық танытты. Мектеп – жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін мекеме.
Мектебіміздің өнегелі ұстаздары жаңартылған білім бойынша жаңа форматта өз сынып сағаттарын өткізіп, дәрістерін ұсыну, өткізу барысымен жалғасты. Ұл-қыздарының мектептегі өміріне қызығушылық танытқан сексен беске жуық ата-ана өз қалауларымен сабақтарға кіріп, ұстаздардың сабақ өткізу әдістеріне куә болды. Оқушылардың білім-білік дағдыларын байқады.
Ата-аналар жаңартылған білім беру мазмұнының мәнін ұғынып, білім ұясындағы іс-шараларға әсіресе, ата-аналарға арналып өткізілген тренингке белсене қатысты. Мектептегі баласының бір күндік өмірімен танысу, ата-аналардың ең басты мақсаты болды. Сондықтан, сабаққа қатысқан ата-аналар, ұстаздар қауымының, сабақтарды жаңаша әдіс-тәсілдерді қолданып өткізген сәттері қатты қызықтырғанын атап өтті.
Ата-аналарға арналған «Ашық есік» күніне байланысты ата-аналардың пікірін білу мақсатында кері байланыс өткізілді. Ата-аналар мектеп педагогтері мен оқушылары ұйымдастырған «1 мамыр-Бірлік күні» мерекелік іс-шараны тамашалады. Өз балаларының өнерін тамашалаған ата-аналар мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымына өз ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ ата-аналар спорт залында өткен «математика, жаратылыстану және спорт» тақырыбындағы спорт ойындарынан өткізілген шебер сынып сағатына қатысты. Мектеп – халқымыздың ата-бабадан келе жатқан ізгі қасиеттерін жас жеткіншектер бойына сіңіретін орта. Ендеше, рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім ғана ең мықты білім, рухани ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақ қана – болашақты гүлдендіріп, тәуелсіз елді нығайтушы ұрпақ. Бала тәрбиелеу – ата-анадан басталып, мектепте жалғасып, бүкіл қоғам болып атсалысатын жауапты міндеттің ең бастысы.
Мектептің ата-аналармен жүргізетін жұмысының ерекшелігі осы екі жақтың байланысымен әрекет бірлігінің тұрақтылығынан көрінеді. Бұл тұрақтылықты ең алдымен сынып жетекшісі қамтамасыз етеді. Ол мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастыруда жетекші қызмет атқарады. Дегенмен, ата-аналармен жұмыс істеу көп ізденуді, еңбек етуді қажет етеді. Әсіресе, сынып жетекшісіне жүктелер жауапкершілік мол. Оны оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста болған жағдайда ғана талапқа сай жұмыстар жүргізуге болады. Сол үшін де ата-аналармен бірлесе отырып жұмыс істеуі мақсатты түрде өте ұзақ мерзімді қажет ететін процесс.