Отырар ауданының халқы 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында майдан даласында қаза тапқан сарбаздарды еске алып, тағзым етті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және жергілікті халық қатысып, Арыс жағалауы саябағында орналасқан Кеңес Одағының батырлары С.Әшіров және Т.Ибрагимовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиналған қауым майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, әруақтардың рухына құран бағыштады.
Аудандық мәдениет сарайында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесінің 78 жылдығына арналған «Ұлы ерлікке мың тағзым» атты салтанатты шара аясында қонақтар, алдымен, аудандық орталық кітапхананың Жеңіс мерекесіне арналған тақырыптық кітап көрмесі мен құнды музей жәдігерлерінің көрмесін тамашалады. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова секілді қазақтың батыр қыздарына арналған қойылым қойылды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов жұртшылықты өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың қос мерекесімен құттықтады.
– Қан майданның қасіретін тартпаған, зұлмат күндер жанына батпаған адам жоқ. 1418 күн мен түнге ұласқан Ұлы Отан соғысына 1 млн 366 мың қазақстандық қатысты. Сол бір сұрапыл жылдарда 3000-нан астам отырарлықтар майдан даласына аттанса, оның ішінде 2466 боздақ туған жерге оралмады. Елге аман-есен оралған кешегі майдангер, бүгінгі ардагерлеріміз еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етудің өнегесін керсете алды. Міне, майдангер бабалардың батырлығы мен жанқиярлығы Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі Қазақстанның жауынгерлері үшін өшпес өнеге», – деді аудан басшысы.
Мереке аясында аудандағы ауған соғысының ардагерлері мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап, ерлікке тағзым ету мен жастарға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын айтса, ақын Бегаман Сұлтаев арнау өлеңін оқыды.
Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді нақышына келтіре шырқады.