Түркістан өңірінде іске асқан тағы бір жоба «Темірқазық» тірек мектептер деп аталады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басшысы Күләш Ноғатайқызының басшылығымен облыстың 17 аудан/қаласында тірек мектептер жасақталатын болады. Жоба аясында НИШ мектептерінің әлеуетін 17 тірек мектебіне енгізіп, оқу-әдістемелік сүйемелдеу жүргізіледі. Осы жоба аясында педагогтердің сапалық құрамы мен мектептердің материалдық мүмкіндігі жақсарады деп күтілуде.
Жауапкершілігі жоғары қызметтің жетілдіру керек тұстары да бар. Бұл бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Қамқоршылар кеңесі қайта құрылып, аттестациядан өткізу жұмыстары қолға алынып, білім беру ұйымдарының басшыларына жетістігін бағалайтын KPI қойылады.
Сондай-ақ пән мұғалімдерінің ассоциациялары ресми құрылып жұмыс жасайтын болады. Аталған ассоциацияларымен жылына екі-үш рет кездесіп, оқу бағдарламаларына қатысты күрделі мәселелерді қарап, ұсыныс пікірлерімен жұмыс жүргізетін болады. Айтуға тиіс жақсы жаңалық, Республикадан арнайы құжаттамалар жасалып, мектеп/колледж басшыларының жалақы қоры ұлғаятын болады.
Былтыр Түркістан облысында «Балалар жылын өткізуге» арналған кешенді жоспар бекітіліп, 80-ге жуық іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар шеңберінде өңірде «Балалардың құқығын қорғау жөнінідегі уәкіл, облыс әкімінің бала құқығы жөніндегі кеңесшісі» бекітілді. Түркістан облысында бұл жауапкершілік Вероцкая Гүлжан Ералықызына жүктелген еді. Кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыс пен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың өзіне-өзі қол жұмсауының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген болатын.
Облыс бойынша «Бес терек» жобасы іске асырылуда, «Әкелер мектебі», «Аналар кеңесі», «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымдары мен «Ата-аналар қауымдастығы» үкіметтік емес ұйымы жұмыс жасауда.
Өткен жылғы ақпарға сүйенсек, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін 53 қосымша білім беру мекемелері жұмыс жасауда. Қосымша біліммен қамту үлесі 2021 жылы – 67,6% болса, 2022 жылы 75% құрады. Осы бағытта Қазығұрт ауданында 120 балаға арналған, Келес ауданында 320 балаға, ал Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған жаңадан оқушылар үйі ашылды. Ал, Түлкібас ауданы «Жанкент» жалпы орта мектебінің базасында 150 балаға арналған «Өнер» мектебінің филиалы құрылды. Түркістан қаласында ашылған заманауи техникамен жабдықталған оқушыларды шығармашылыққа үйрететін «Fablab» шеберханасы бар. Сондай-ақ Кентау, Арыс, Төлеби аудандарында дәл осындай шеберханалардың тұсауы кесілген. Облыста ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шығармашылығы да назардан тыс қалған емес.