Түркістанның дара тұлғаларына арналды Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған кезекті шара Түркістанның қос дара тұлғаларына арналды. Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебінде өткен кездесу кешіне қатысушылар жергілікті белгілі ақын Қаныбек Сарыбаев пен белгілі журналист, ұлағатты ұстаз Ғани Ысқақовты еске алып, шығармашылықтарын сөз етті.
“Түркістан жауһарлары” тақырыбын арқау еткен кездесу кешіне қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің кітапхана қоры әдіскері Абдухаликова Жанар және “Ең үздік” журналист марапатының иегері, қалалық, облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы Ақмарал Ғаниқызы арнайы қатысты.
Қаламыздағы Төле би атындағы N19, Қазыбек би атындағы N14, М.Мәметова атындағы N6 жалпы орта мектеп кітапханалары ұйымдастырған бұл шараның негізгі мақсаты — оқушыларымызды жерлес ақындарымыз бен журналисттеріміздің шығармашылығымен таныстырып, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу.
Кеш кейіпкерлері туралы айтар болсақ, Қаныбек Сарыбаевты түркістандықтарға таныстырып отырудың өзі артық. Бірнеше әдебиеттердің авторы, қаншама айтыс және жазба ақындардың ұстазы атанған Қаныбек ақын мағыналы ғұмырында Кентау, Арыс, Түркістан қалаларындағы аудандық, қалалық газеттер редакцияларында аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Өлеңдері он бес жасынан бастап баспасөзде жарияланып келеді. КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болды. Екі дүркін, яғни 1967 жылы драмадан, 1987 жылы поэзиядан Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. Отырар ауданының және Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Тәушен Әбуованы, Жәкен Омаровты, Бекарыс Шойбековты, Айгүл Асанованы, Маржан Есжанованы, Мақсат Айтжановты айтыс әлеміне алып келген — осы Қаныбек Сарыбаев. «Тұңғыш кітап», «Отырар оттары», «Сезімдер сарайынан репортаж», деген кітаптары мен «Қазақия», «Меккеге тете мекенім», «Отан» атты жыр жинақтары бар.
Ал, Ғани Жақсылықұлы өмірін ұстаздыққа арнаған дара педагогтардың бірі. Созақ ауданында, Шымкент, Түркістан қалаларында педагогикалық, басшылық қызметтер атқарып, қаншама жеткіншектерге, сонымен қатар, педагогтарға ұстаз бола білген жан. Түркістан қаласының білім бөлімінде жауапты қызметтер атқарып, білім саласының дамуына ерекше үлесін қосты. Сондай-ақ, ұстаздық қызметімен қатар журналистік қабілетімен де танылған Ғани Жақсылықұлының өңірдің белгілі басылымдарында бірнеше мақалалары жарияланды. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда түркістандық педагогтарға арналған «Ұстаз», оқушыларға арналған «Түркістан ұланы» газеттерін жарыққа шығарып, өмірінің соңына дейін қос басылымға жетекшілік етті. Қолына қалам ұстағысы келген қаншама жас журналистерге бағыт-бағдар беріп, журналистика әлеміне еркін енуіне септігін тигізді. Еңбектері де еленбей қалған жоқ. Республикалық, облыстық, қалалық марапаттардың иегері атанды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының «Жыл адамы» болды.
“Ақынын ұлықтаған ел бақытты” дегендей, оқушыларымыз алдын-ала Қаныбек Сарыбаев пен Ғани Ысқақовтың өмірі мен шығармашылығымен танысып, өлең шумақтарын жатқа айтты. Қазақ тілін қашанда биік қойған азаматтарымыз үшін “Қазақ тілі” әні шырқалып, мың бұралған бишілер де өз өнерлерін көрсетті. Жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азамат үшін бұл кеште шырқалған “Мен қазақпын” әні де ерекше рух бергені рас.
Шара барысында оқушылар қонақтарға сұрақ қойып, қызықты оқиғалармен бөлісіп, сұхбат құрды. Барша қазақ балаларының әкесіне айналған Қаныбек Сарыбаев пен Ғани Ысқақовтың құрметіне “Әке-ана” әні шырқалып, шара қатысушылары ұйымдастырушылар мен өз шығармашылықтарын көрсеткен оқушыларға жылы лебіздерін білдірді.