Түркістан облысы Ордабасы ауданы Амангелді атындағы жалпы орта мектебінің 11″Г» сынып оқушысы Зайнулла Нұрай Абибуллақызы «Елбасы Медалі» жобасының күміс медалін иеленсе, 9″Д» сынып оқушысы Ербақ Маржан Нұрланқызы қола медалін иеленді. Білім додасында үздік атанған оқушылардың жетекшілері Ж.Шәдіқожа мен Н.Дүйсенбекова болып отыр.
«Елбасы медалі» — еліміздегі ең ауқымды challenge, оған қатысуға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар шақырылады. Қатысушылар қола, күміс немесе алтын деңгейді таңдап, 6 айдан 18 айға дейінгі бағдарлама талаптарын орындауы керек. Осы уақыт аралығында олар өз дағдыларын 7 бағытта дамытады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, туристік саяхаттар және еңбек тәжірибесі.
«Елбасы медалі» жастардың тек білімінің және табысының символы ғана болып қалмайды. Болашақ мектеп түлектері үшін де елдегі ЖОО-ларда білімдерін жалғастыруға бағытталған тың қадам. Медаль иегерлерінің ұпайлары тең болған жағдайда ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен білім грантын және қала әкімінің грантын алуға толық құқығы бар.
«Елбасы медалін» мақсатына ұмтылған әрбір қазақстандық жас буын иелене алады. Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz онлайн платформасына тіркеліп, ұсынылған «алтын», «күміс» немесе «қола» бағыттарын таңдау керек. Содан кейін өзіңізге арнайы бекітілген тәлімгердің көмегімен өз қалауыңызға сай іс-шаралар мен кестені таңдап, жеке даму бағдарламасын жасай аласыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бағдарламаға қатыса алатындай кесте құруға жағдай жасалады.
Қосымша ақпар, бұған дейін тек «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры» табыстап келген «Елбасы медалін» енді Оқу-ағарту министрлігі береді. Сонымен қатар жас айырмашылығына да өзгеріс енгізілген. Яғни 29 жасқа дейін берілетін медальді 35-ке дейінгі азаматтарға да табыстау жоспарланған.
Оқу-ағарту министрлігі 14 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын ұйым (әкімші) болып айқындалсын, — делінген құжатта.
Өзгеріске 2023 жылғы 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңының күшi жойылуы себеп болған.