Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі – білім беру ұйымдарына тәуелсіз білім сапасын бақылау құралы болып табылады.
Келес ауданында оқушылардың оқу жетістіктерінің мониторингі 9 мектепте жалпы 4 және 9 сыныптың 400-ден аса оқушылары арасында жүргізілді.
ББЖМ мақсаты – білім алушылардың оқу жетістіктерінің ілгерілеуін ұлттық деңгейде өлшеу арқылы орта білім беруді жүйелі жетілдіру.
4 және 9-сыныптар үшін ББЖМ МЖМБС талаптарына сәйкес функционалдық сауаттылық деңгейін, білім мен дағдыларды, аналитикалық, логикалық ойлау қабілеттерін анықтау үшін өткізілді.
Келес ауданында өткен тестілеуге білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері мен облысымыздың өзге де аудан педагогтері келіп, бақылаушы ретінде қатысты.
Айта кету керек ББЖМ тестілеуі жыл сайын сәуір айында орта білім беру ұйымдарының базасында компьютер арқылы электронды форматта өткізіліп келеді. Сонымен қатар алдыңғы оқу жылдарында ББЖМ-ға қатысқан білім беру ұйымдары келесі жылы ББЖМ-ға қатысатын білім беру ұйымдарының тізбесіне кірмейді.
АЙта кетсек, мониторинг барысында білім алушылардың білім сапасына әсер ететін факторларды анықтау үшін тест тапсырушылар, педагогтер және білім беру ұйымдарының әкімшіліктері арасында сауалнама жүргізіледі.
“Қазіргі заманда дамудың басты кілті- білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес. Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады.”- деп атап көрсетті Ел Президенті Қ. К. Тоқаев.