Бүгін Түркістан, Жетісай, Сарыағаш, Созақ, Шымкент 2, Шымкент 5 Ustudy орталықтарының базасында Ауыл мектептеріне арналған “Мың бала” Ұлттық зияткерлік олимпиадасының 2-кезеңі өтуде.
«Мың бала» олимпиадасы төртінші жыл қатарынан қабілетті ауыл оқушыларын анықтап келеді. «Мың бала» — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін қолдауға, сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін академиялық қабілетті оқушыларды іріктеуге бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы ауыл оқушылары үшін білім беру саласындағы баспалдаққа айналды.
Ауыл мектептеріне арналған «Мың бала» Олимпиадасының бірінші кезеңі онлайн форматта арнайы әзірленген платформада өткізіледі, оның ерекшелігі — бір уақытта 150 мыңға дейін қатысушылардың тест өтуге мүмкіндігі бар.
Олимпиада жеңімпаздары квота бойынша дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептеріне: Республикалық физика-математика мектебіне, «Білім-Инновация» лицейіне, «Дарын» мамандандырылған мектептеріне оқуға түсуге мүмкіндік алады.Бұл олимпиаданың ауыл оқушыларына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін бірегейлігін ерекше айта кету керек. «Мың бала» олимпиадасына қатысу тегін.
Олимпиаданың міндеті:
— ауыл мектептері оқушыларының теориялық білімдерін тереңдету мен тәжірибелік машықтарын дамыту.
Олимпиадаға ауыл мектептерінің 6-сынып оқушылары қатысады.
Олимпиадада 5 пән бойынша тест тапсырылады:
1. “Математикалық сауаттылық”;
2. “Қазақ тілі”, қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін;
3. “Орыс тілі”, орыс тілінде оқитын оқушылар үшін;
4. “Ағылшын тілі”;
5. “Жаратылыстану”.
Айта кетсек, “Мың бала” Ұлттық зияткерлік олимпиадасына Түркістан облысынан 1297 оқушы қатысуда.